Жаңақорғанда кәсіпкерлермен көшпелі кездесу өтті

21.05.2026
Жаңақорғанда кәсіпкерлермен көшпелі кездесу өтті

2026 жылғы 20 мамырда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңес мүшелерінің және Палата директорының міндетін атқарушы Ділмұхамед Абизовтың қатысуымен Жаңақорған ауданында көшпелі отырыс өтті.

Іс-шара аясында делегация аудан аумағындағы бірқатар өндірістік және инвестициялық нысандардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасы және «Engineering & Construction Company» ЖШС жүзеге асырып жатқан жол бойы сервистік нысаны араланды. Сонымен қатар, отандық тауар өндірушілердің қатысуымен шағын көрме ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері ұсынылды.

Изображение

Кездесу барысында аудан әкімі Мәжит Сәмитұлы және аудан прокуроры Бақытжан Бөлеулиевпен өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Тараптар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану бағыттарын талқылады.

Аудан кәсіпкерлерімен өткен негізгі жиында салықтық әкімшілендіру, мемлекеттік кірістер саласындағы өзгерістер, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру мүмкіндіктері, жеңілдетілген несие және лизингтік бағдарламалар бойынша жан-жақты түсіндірмелер берілді. Сонымен қатар, индустриялық аймақтарды дамыту, өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру және инвестиция тарту мәселелері де назарға алынды.

ИзображениеИзображениеИзображение

Жиын барысында кәсіпкерлер өз сұрақтарын қойып, жауапты мекеме өкілдерінен нақты жауаптар алды. Бұдан бөлек, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрхожаев жеке қабылдау өткізіп, бірқатар мәселелерді жеке тәртіпте қарастырды.

Іс-шара қорытындысы бойынша Палата директорының міндетін атқарушы Ділмұхамед Абизов аудан әкімдігіне көрсетілген қолдау үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін атап өтті.

Ділмұхамед Абизов:
«Мұндай көшпелі кездесулер кәсіпкерлердің мәселелерін жергілікті жерде тікелей талқылауға және жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – бизнесті қолдаудың тиімді тетіктерін түсіндіріп қана қоймай, әр кәсіпкердің нақты мәселесіне жүйелі түрде көмек көрсету», – деді.