Шиелі ауданында кәсіпкерлермен көшпелі отырыс өтті

21.05.2026
Шиелі ауданында кәсіпкерлермен көшпелі отырыс өтті

2026 жылғы 20 мамырда Жаңақорған ауданынан кейін Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшелері және Палата директорының міндетін атқарушы Ділмұхамед Абизов Шиелі ауданында көшпелі отырысты жалғастырды.

Іссапар аясында делегация алдымен аудан әкімінің орынбасары Арман Дюсембаевпен кездесіп, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады. Бұдан кейін аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжановпен өткен кездесуде бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бағытындағы өзекті мәселелер қаралды.

Күн тәртібіне сәйкес кеңес мүшелері «КНК Кемикал» труба зауытының жұмысымен танысып, өндіріс барысын көрді. Сонымен қатар «Арман» мәдениет үйінде жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылып, аудан кәсіпкерлерінің өнімдері таныстырылды.

ИзображениеИзображение

Аудан кәсіпкерлерімен өткен негізгі кездесуді аудан әкімінің орынбасары жүргізіп, алғашқы сөз Палата директорының міндетін атқарушы Ділмұхамед Абизовқа берілді. Ол көшпелі отырыстың мақсатына тоқталып, өңір кәсіпкерлерімен тікелей диалог орнатудың маңызын атап өтті. Өз кезегінде Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов «Атамекен» палатасының негізгі функциялары мен кәсіпкерлерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Ол өз сөзінде «Көшпелі отырыстардың басты артықшылығы – кәсіпкерлердің мәселелерін сол жерде, тікелей талқылап, нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік беруінде. Біз үшін әр кәсіпкердің дауысы маңызды, сондықтан осындай кездесулер арқылы бизнесті қолдау тетіктерін жетілдіруге ерекше мән береміз», – деді.

Кездесуге қатысқан мемлекеттік, квазимемлекеттік және қаржы ұйымдарының өкілдері кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау шаралары, жеңілдіктер және бизнесті дамыту бағдарламалары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Жиын барысында кәсіпкерлер өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныстарын білдірді. Кездесуден кейін Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрхожаев жеке қабылдау өткізіп, кәсіпкерлердің өтініштерін қарастырды.

Іссапар соңында делегация «Гежуба – Шиелі цемент» компаниясының жұмысымен танысты. Зауыт басшылығы өндірістік үдерісті таныстырып, саладағы өзекті мәселелермен бөлісті.

Изображение

Көшпелі отырыс кәсіпкерлікті қолдау, ауданның өндірістік әлеуетін бағалау және кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнату тұрғысынан маңызды диалог алаңына айналды.