Сырдария ауданында кәсіпкерлермен көшпелі отырыс өтті
2026 жылғы 21 мамырда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңес мүшелері мен Палата өкілдерінің көшпелі отырысы Сырдария ауданында жалғасын тапты.
Күн тәртібіне сәйкес делегация мүшелері аудан аумағындағы бірқатар өндірістік нысандардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, Қалжан ахун ауылында орналасқан құм блоктарын өндіретін ЖК «Бержанов» цехы араланып, өндіріс барысы зерделенді. Кәсіпорын тәулігіне 1000 дана құмблок шығарып, түрлі қоршау материалдарын өндіреді. Сонымен қатар, делегация ЖК «Ханкелді» наубайханасының жұмысымен танысты. Аталған жоба «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы 35 млн теңге көлемінде қаржыландырылған.


Іссапар аясында Өңірлік кеңес мүшелері мен Палата өкілдері аудан әкімі Берік Сәрменбаевпен кездесіп, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады. Бұдан кейін аудан прокурорының міндетін атқарушы Махмут Алмаспен кездесуде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бағытындағы өзекті мәселелер қаралды.
Кәсіпкерлермен негізгі кездесу Тереңөзек кентіндегі «Руханият» орталығында өтті. Жиынды Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан модерациялап, алғы сөз аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетовке, Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимовқа және аудан прокурорының міндетін атқарушы Махмут Алмасқа берілді. Спикерлер өз сөздерінде кәсіпкерлікті дамыту және бизнеске қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Кездесуге қатысқан қаржы ұйымдарының өкілдері мемлекеттік қолдау шаралары, жеңілдіктер және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары бойынша жан-жақты ақпарат берді.

Жиын қорытындысында кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сонымен қатар, делегация мүшелері кәсіпкерлерді жеке қабылдап, олардың мәселелерін жеке тәртіпте қарастырды.

Көшпелі отырыс кәсіпкерлермен ашық диалог орнатуға, өңірдегі бизнестің өзекті мәселелерін талқылауға және қолдау тетіктерін түсіндіруге бағытталған маңызды алаң болды.