Қарағанды облысы бизнесінің ұсыныстары вице-министрмен кездесуде талқыланды
Қарағандыда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаевтың өңір кәсіпкерлерімен және Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесуі өтті. Облыс әкімдігі алаңында өткен жиында кәсіпкерлер салықтық әкімшілендіру, мемлекеттік сатып алу, отандық тауар өндірушілерді қолдау, халықаралық тасымал, құрылыс саласы және агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау мәселелерін көтерді.
Кездесуді ашқан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов кәсіпкерлікті қолдау өңірлік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, облыста бизнеске түсетін әкімшілік және салықтық жүктемені азайту бойынша жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өңірде оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимінің мөлшерлемесі 4%-дан 2%-ға дейін төмендетілген.
Өз кезегінде Ерлан Сағнаев бүгінде Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту және мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру екенін айтты.
– Біз үшін тек қолдау шараларын әзірлеу ғана емес, бизнестің нақты сұраныстарын есту маңызды. Көптеген мәселе заңнаманы жетілдіруді және мемлекеттік органдардың жедел әрекет етуін талап етеді, – деді вице-министр.
Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру болды. Кәсіпкерлер бизнесті санаттарға бөлу, жаңа Салық кодексінің жекелеген нормаларын қолдану және есептілікті одан әрі жеңілдету мәселелерін көтерді.
Сондай-ақ бизнес өкілдері ақпараттық жүйелердегі кейбір хабарламалардың қайталануына және салықтық бақылау тәсілдерін қайта қарау қажеттігіне назар аударды.
Кездесуде мемлекеттік сатып алу және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері де кеңінен талқыланды. Қатысушылардың айтуынша, қолданыстағы қолдау шараларына қарамастан, сатып алу саласында делдалдардың үлесі әлі де жоғары.
Өнеркәсіп саласының өкілдері сатып алу рәсімдеріне нақты өндірушілердің қатысуын бақылауды күшейту, сондай-ақ отандық тауар өндіруші мәртебесін растау тетіктерін жетілдіру қажеттігін айтты.
Талқылау барысында қызметкерлерді міндетті сақтандыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу, цифрлық платформаларды дамыту және бизнеске арналған мемлекеттік сервистерді жетілдіру мәселелері де көтерілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Ерлан Сағнаев айтылған ұсыныстар профильдік мемлекеттік органдармен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп пысықталатынын жеткізді.
– Осындай кездесулер жағдайды есептер арқылы емес, кәсіпкерлердің нақты мәселелері арқылы көруге мүмкіндік береді. Көптеген мәселе жекелеген шешімдерді емес, жүйелі өзгерістерді талап етеді, – деп түйіндеді вице-министр.