Жергілікті бизнестен ұлттық брендке дейін: «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерді KazBrand-2026 байқауына қатысуға шақырады

26.05.2026
Жергілікті бизнестен ұлттық брендке дейін: «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерді KazBrand-2026 байқауына қатысуға шақырады

Қазақстанда кәсіпкерлердің бизнесін жаңа деңгейге шығарып, жергілікті брендті ұлттық брендке айналдыруға бағытталған бірегей жоба – KazBrand-2026 байқауына өтінім қабылдау жалғасуда. Өтінімді 2026 жылдың 1 тамызына дейін тапсыруға болады, ал байқаудың финалы 24 қыркүйекте Астанада өтеді. Байқауға қатысу тегін.

Жоба «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Орталық Азия Франчайзинг Қауымдастығының (CAAF) бірлесуімен іске асырылуда. KazBrand алғаш рет өткен жылы бизнесті ауқымдауға, бизнес-процестерді жүйелеуге және жаңа нарықтарға шығуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге арналған практикалық алаң ретінде іске қосылған еді.

Биыл жоба Өңірлік кәсіпкерлер палаталары алаңында ұйымдастырылған білім беру және іскерлік іс-шаралар сериясымен сүйемелденуде. Солардың ішіндегі маңызды бастамалардың бірі – Қазақстан бойынша 16 қаланы қамтыған «Жергілікті брендтен ұлттық брендке қалай айналуға болады» атты республикалық бизнес-тур болды. Палаталардың белсенді қолдауы мен үйлестіруінің арқасында іс-шараларға 1200-ден астам кәсіпкер тартылды.

«Атамекен» ҚР ҰКП ШОБ дамыту комитетінің төрағасы әрі CAAF басшысы Гүлбану Майғарина атап өткендей, көптеген өңірде кәсіпкерлер бірдей мәселелерге тап болып отыр.

«Қазақстандық бизнес өсуді қалайды, алайда көп жағдайда «қолмен басқарудан» жүйелі басқаруға қалай көшу керектігін түсінбейді. Өңірлердегі кездесулер барысында кәсіпкерлер тарапынан практикалық білімге, түсінікті өсу құралдарына және бизнесті дамытудың жүйелі тәсіліне үлкен сұраныс бар екенін көрдік», – деді Гүлбану Майғарина.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде Қазақстанда 2 миллионнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Алайда көптеген компаниялар сапалы өнім мен сұраныстың болуына қарамастан, ұзақ жылдар бойы бір қала немесе бір өңір деңгейінде қалып қояды. Сондықтан жоба аясында басты назар ынталандыруға емес, бизнесті дамытудың нақты құралдарына – қаржылық басқаруға, маркетингке, бизнес-процестерді құруға, команда дамуына және ауқымдау стратегиясына аударылған.

Байқау аясында қатысушылар сарапшылардың қолдауына ие болып, бизнес-диагностикадан өтеді әрі даму стратегиясын әзірлеуге және жаңа нарықтарға шығу бойынша ұсынымдар алуға мүмкіндік алады.

Биылғы тамызда байқаудың онлайн кезеңі өтеді, оның қорытындысы бойынша финалистер анықталмақ. Сонымен қатар қатысушылар үшін Қазақстан өңірлеріндегі бизнестің дамуы туралы арнайы фильмдер түсіру жоспарланған.

«Өткен жылы KazBrand жобасы Қазақстан өңірлерінде әлеуеті жоғары мықты кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерінің бар екенін дәлелдеді. 2025 жылғы жобаға 1100-ден астам кәсіпкер қатысты, 100 сағаттан астам уақыт оқыту мен практикалық жұмысқа арналды, 33 қатысушы финалға өтті, ал төрт жеңімпазға франшиза толық әзірленіп берілді. Көптеген кәсіпкер үшін бұл жай ғана байқау емес, өз бизнесіне жаңаша қарап, жүйе құрып, процестерді күшейтіп, ауқымдауға қадам жасауға мүмкіндік болды. Біз өңірлерде практикалық өсу құралдары мен ұлттық брендтерді дамытуға қолдау көрсетуге деген сұраныстың қаншалықты жоғары екенін көрдік», – деп түйіндеді Гүлбану Майғарина.

Қатысу шарттары мен жоба бағдарламасы туралы қосымша ақпаратты өз өңіріңіздегі ӨКП-ден, 1432 байланыс орталығы арқылы, сондай-ақ CAAF ресми сайты немесе +7 700 544 70 01 телефоны арқылы алуға болады.