Көлік-логистика саласының өзекті мәселелері талқыланды
«Атамекен» ҰКП Президиумы жанындағы Логистика және тасымалдау комитетінің отырысында көлік және логистика саласын дамытуға қатысты бірқатар жүйелі мәселе қаралды.
Жиынға мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, салалық қауымдастықтардың және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты. Отырысты Комитет төрағасының орынбасары, Қазақстан вагон (контейнер) операторлары мен тасымалдаушылары қауымдастығының бас директоры Салтанат Адамбаева жүргізді.
Күн тәртібінде халықаралық теміржол ынтымақтастығы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту, жүк теміржол тасымалдары нарығындағы бәсекелестікті дамыту, ҚТЖ тарифтік саясатына аудит жүргізу, халықаралық рұқсат бланкілерін әкімшілендіруді жетілдіру, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді цифрлық интеграциялау және теңіз инфрақұрылымының тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Отырысты ашқан Салтанат Адамбаева көлік-логистика секторы Қазақстан экономикасының стратегиялық бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы мен Үкімет көлік-логистика саласын елдің транзиттік әлеуетін күшейтудің негізгі драйверлерінің бірі ретінде айқындады. Осыған байланысты мемлекет, бизнес және тұтынушылар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету, сондай-ақ нарықта ашық әрі болжамды жұмыс жағдайларын қалыптастыру аса маңызды», – деді ол.
Сондай-ақ комитет өкілі бүгін талқыланған мәселелердің басым бөлігі ведомствоаралық әрі салааралық сипатқа ие екенін айтып, оларды шешу үшін мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, салалық қауымдастықтар мен нарық қатысушылары арасында тиімді өзара іс-қимыл қажет екенін жеткізді.
«Біздің міндет – тек проблемаларды көтеру ғана емес, сонымен қатар саланы реттеуді жетілдіруге, әкімшілік кедергілерді азайтуға, адал бәсекелестікті дамытуға және процестердің ашықтығын арттыруға бағытталған нақты әрі іске асырылатын ұсыныстар әзірлеу», – деді Салтанат Адамбаева.

Отырыс барысында қатысушылар халықаралық теміржол қатынастарындағы мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру, жүк тасымалы нарығындағы бәсекелестікті кеңейту және тарифтік саясаттың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен қатар халықаралық рұқсат құжаттарын пайдалану кезіндегі жауапкершілікті күшейту, рұқсаттарды электрондық шот-фактуралармен байланыстыру және Қаржы министрлігі мен Көлік министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, теңіз әкімшілігі инспекторларының штат санын ұлғайту арқылы порттарға кемелердің кіруі мен шығуын рәсімдеу мерзімдерін қысқарту жөніндегі ұсыныстар қарастырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерге қатысты ұсыныстар жинақталып, уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданады.