«Бизнес мәселелері мемлекеттік органдар мен ҚР Кәсіпкерлер палатасының өзара іс-қимылы арқылы шешіледі» – Ұлттық экономика Вице-Министрі
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаева, Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Дәулен Қабдушев, павлодарлық кәсіпкерлер мен өңірлік кеңес мүшелері «Атамекен» ӨКП алаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев қатысқан кездесуге қатысты.

Ерлан Сағынаев өңірге жұмыс сапарымен келіп, Достық үйінде аймақтың бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында сауда, мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ салық саласы бойынша өзекті және проблемалық мәселелер көтерілді.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда мемлекет бизнесті тек реттеу нысаны ретінде емес, экономиканың өсімі мен әртараптандырылуының, Цифрландыру жылы аясында жаңа технологияларды енгізудің, халықтың өмір сапасын арттырудың негізгі драйвері ретінде қарастырады. Ол кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін республикалық деңгейде талқылап, шешуге мүмкіндік беретін тұрақты диалог алаңдарын атап өтті. Солардың бірі – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен».

«Бизнес мәселелерін шешу мемлекеттік органдар мен еліміздің барлық өңірлерінен мәселелерді жинақтайтын ҚР ҰКП-ның өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асады. Біздің ведомство Үкімет деңгейінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен тұрақты кездесулер өткізіп тұрады», – деді ол.
Ерлан Сағынаевтың мәліметінше, бизнестің проблемалық мәселелерін шешу жұмыстары аясында 2022 жылдан бері 630-дан астам мәселе қаралып, оның 277-сі шешімін тапқан. Қазіргі уақытта Үкімет қарауында 354 мәселе қалып отыр.

Кездесу барысында кәсіпкерлер уәкілетті орган басшылығына өз ұсыныстары мен бастамаларын тікелей жеткізу мүмкіндігіне ие болды.
Күннің екінші жартысында Ерлан Сағынаев, Айдос Шайхислам, Дәулен Қабдушев және кәсіпкерлік пен сауда басқармасы басшысының орынбасары Рашид Кокишев облыстағы бірқатар кәсіпорындарды аралады. Олардың қатарында әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне енгізілген «Kutubu Sitta» ЖШС мен «Темирова» ЖК бар. Делегация аталған кәсіпорындарда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалармен және бизнестің қоғамдық маңызы бар міндеттерді шешуге қосып отырған үлесімен танысты. Сонымен қатар делегация мектеп жиһаздарын шығаратын TROYA компаниясына барып, өндірістік қуаттарымен және шығарылатын өнімдерімен танысты.
