Ресейде СПОТ жүйесі енгізілмек: қазақстандық бизнес нені білуі керек?

27.05.2026
Ресейде СПОТ жүйесі енгізілмек: қазақстандық бизнес нені білуі керек?

2026 жылғы 1 маусымнан бастап Ресей Федерациясында ЕАЭО елдерінен автомобиль көлігімен әкелінетін өнімдерге қатысты Тауарларды күтуді растаудың ресейлік жүйесін (СПОТ) енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жүйе ерікті негізде тестілік режимде жұмыс істеп тұр.

Ресей тарапының мәліметінше, СПОТ – тауар жеткізілімін алдын ала растауға және өзара сауданың ашықтығын арттыруға, тауар айналымының заңдылығын бақылауға, сондай-ақ жанама салықтарды әкімшілендіруге бағытталған механизм.

Жүйе қалай жұмыс істейді?

СПОТ аясында ресейлік импорттаушы тауардың алдағы жеткізілімі туралы құжатты (ДОПП) алдын ала рәсімдеуі, кепілдік төлем енгізуі және жеткізілімнің заңдылығын растайтын QR-код алуы тиіс.

Құжат Ресей Федерациясының аумағына тауар кіргізілгенге дейін кемінде екі күн бұрын рәсімделуі қажет. Барлық қажетті рәсімдерден кейін QR-код қалыптастырылады, оны бақылаушы органдар тексереді.

Жүйе кімге қатысты қолданылады:

·        импорттаушыларға;

·        тасымалдаушыларға;

·        экспедиторларға;

·        делдалдарға;

·        жүк тасымалын автомобильмен жүзеге асыратын жүргізушілерге.

Сонымен қатар СПОТ жекелеген тауар санаттарына қолданылмайды, олардың ішінде мұнай және мұнай өнімдері, электр энергиясы, жеке пайдалануға арналған тауарлар және транзиттік жүктер бар.

Бизнес нені ескеруі керек?

Қазақстандық экспорттаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға жаңа талаптармен алдын ала танысып, Ресей Федерациясына жеткізілімдерді жоспарлау кезінде оларды ескеру ұсынылады.

Әсіресе мына мәселелерге назар аудару қажет:

·        құжаттарды уақытылы рәсімдеуге;

·        ресейлік серіктестермен және импорттаушылармен өзара іс-қимылға;

·        жаңа рәсімдерді ескере отырып логистикалық процестерді дайындауға;

·        нормативтік талаптардағы өзгерістерді тұрақты бақылауға.

Сондай-ақ алдын ала рәсімделген QR-кодтың болмауы шекарадан өту мерзіміне және логистикалық процестерге әсер етуі мүмкін екенін ескеру маңызды.

«Атамекен» СПОТ мәселесін бизнес өкілдерімен талқылауды жалғастыруда

СПОТ жүйесін енгізу мәселесі «Атамекен» ҰКП алаңында мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен талқылануда.

Ұлттық палата жаңа жүйенің бизнес-процестер мен ЕАЭО аясындағы өзара саудаға ықпалын зерделеу жұмыстарын жалғастырып, кәсіпкерлер қауымдастығынан ұсыныстар мен кері байланыс қалыптастыруда.