Тау – стратегиялық басымдық. Неге Алматы тау кластерін дамытуға ден қойды?

27.05.2026
Тау – стратегиялық басымдық. Неге Алматы тау кластерін дамытуға ден қойды?

Алматы қаласы тау инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту кезеңіне біртабан жақындай түсті. Алматы тау кластері жобасына арналған қоғамдық тыңдаулар тауларды дамыту төңірегіндегі пікірталастың, әлдеқашан, «салу керек пе, жоқ па?» деген деңгейден өтіп, «жоба нақты қандай болуы тиіс?» деген мазмұнды талқылау кезеңіне ауысқанын көрсетті.

Алматыда тау туризміне деген қызығушылық соңғы жылдары рекордтық қарқынмен өсіп келеді. Соңғы алты жылда тауға келушілер саны 4,5 есеге артып, жылына шамамен бір миллион адамға жеткен. Ал таяу уақытта бұл көрсеткіш екі миллионға дейін өсуі мүмкін. Қолданыстағы инфрақұрылым қазірдің өзінде шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп тұр. Мәселен, ең қарбалас күндері «Шымбұлақ» курортына 15 мыңға дейін адам келеді. Бұл нысанның жобалық мүмкіндігінен екі есе жоғары көрсеткіш. Осындай жағдайда бірыңғай заманауи тау экожүйесін құру идеясы батыл бастама ғана емес, қала мен туризм саласының өсіп келе жатқан сұранысына берілген заңды жауап ретінде қабылдана бастады.

Изображение

Алматы тау кластері жобасы халықаралық деңгейдегі жыл бойы жұмыс істейтін инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Жоспарға жаңа аспалы жолдар, түрлі деңгейдегі шаңғы трассалары, туристік бағыттар, велоинфрақұрылым және жазғы демалыс белсенділіктері кіреді. Негізгі шешімдердің бірі – «Шымбұлақ» пен «Oi-Qaragai» курорттарын Кімасар мен Бутаков шатқалдары және «Pioneer» курорты аумағы арқылы өтетін аспалы жолдар мен трассалар жүйесі арқылы біріктіру. Сонымен қатар, «Pioneer» курортының әлеуметтік және инклюзивті функциясы сақталатыны ерекше атап өтілді.

Қоғамдық тыңдаулар барысында жобаға тек туристік бастама ретінде емес, қалалық инфрақұрылымдық жоба ретінде қарау мәселесіне ерекше назар аударылды. Яғни, сөз тауға қолжетімділіктің жаңа моделін қалыптастыру туралы болып отыр. Ол неғұрлым жүйелі, қауіпсіз әрі экологиялық тұрғыдан тұрақты болуы тиіс.

Тұжырымдаманың көлік бөлігі ең көп талқыланған бағыттардың біріне айналды. Бүгінде Алматының тау аймақтарындағы негізгі мәселелердің бірі – автокөлік жүктемесі. Жоба әзірлеушілері қоғамдық көлікке басымдық беруді ұсынып отыр. Ұстап қалушы автотұрақтар, шаттлдар, электрлі шағын автобустар және күшейтілген автобус маршруттары жеке көлікке тәуелділікті азайтуы тиіс.

Көлік жоспарлау саласының мамандары атап өткендей, басты міндет – автокөлік ағынын көбейту емес, оны тиімді ұйымдастыру. Жаңа кіреберіс жолдар негізінен қоғамдық және сервистік көлік үшін пайдаланылып, негізгі екпін қала мен тау арасындағы жылдам әрі тұрақты қатынасқа жасалмақ.

Изображение

Талқылаулардың тағы бір маңызды бөлігі Алматы үшін дәстүрлі түрде ең өзекті мәселе саналатын экология тақырыбына арналды. Жоба әзірлеушілері инфрақұрылымды дамыту табиғи ортаға барынша аз әсер ету қағидатымен жүзеге асырылатынын бірнеше рет атап өтті.

Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, болашақ шаңғы трассаларының жалпы аумағы шамамен 177 гектарды құрайды. Бұл Іле-Алатауы ұлттық паркінің небәрі 0,09%-ына тең. Жоба аясында жануарлардың көшуіне арналған экологиялық дәліздер, компенсациялық көгалдандыру, табиғи ландшафтарды сақтау және су үнемдеу технологияларын енгізу қарастырылған. Сонымен қатар, тыңдаулар барысында тауда бейберекет тұрғын үй құрылысы, жеке виллалар немесе жабық коттедж қалашықтарын салу жоспарланбағанына баса назар аударылды.

Бір ерекшелігі, жоба талқылауына қала тұрғындары, экологтар, бизнес өкілдері, урбанистика және туризм саласының біршама сарапшысы қатысты. Оның үстіне пікірталастың басым бөлігі енді тау инфрақұрылымын дамыту қажеттігінің өзіне емес, оны іске асырудың нақты тетіктеріне арналды.

Қоғамдық тыңдаулардың басты қорытындысы да осы болды деуге негіз бар. Алматы заманауи, қолжетімді әрі тиімді басқарылатын тау инфрақұрылымына деген нақты сұранысты барған сайын айқын қалыптастырып келеді. Бұл инфрақұрылым бір мезетте туристік ағынның өсуіне жауап беріп, жаңа жұмыс орындарын ашып, сонымен қатар Іле-Алатауының табиғи тепе-теңдігін сақтай алуы тиіс.