Қарағандыда Қазақстан мен Латвия бизнесі арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында Латвия Республикасының бизнес-делегациясымен іскерлік кездесу өтті. Іс-шараға Қарағанды облысындағы ірі компаниялардың өкілдері, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері, түрлі саладағы бизнес өкілдері, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыптары сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, логистика, агроөнеркәсіптік кешен, өнім тасымалы, заманауи технологияларды енгізу және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары болды.
Кездесуді ашқан Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов бүгінде халықаралық әріптестік бизнес пен өңір экономикасын дамытудың маңызды құралдарының біріне айналғанын атап өтті.
— Қарағанды облысының кәсіпкерлері үшін жаңа байланыстар орнату ғана емес, тұрақты серіктестік қалыптастырып, сыртқы нарықтарға шығу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды. Біз екі елдің бизнесі өзара тиімді байланыс орнатып, нақты тәжірибелік ынтымақтастыққа көшкеніне мүдделіміз, — деді Ернар Дауылұлы.

Кездесу барысында Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Газалиев өңірдің экономикалық әлеуеті мен қазіргі даму қарқынын таныстырып, облыстың өнеркәсіптік базасын, логистикалық артықшылықтарын және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін атап өтті.
Тараптар Қазақстан мен Балтық өңірі арқылы өнім тасымалы мен логистика мәселелеріне ерекше назар аударды. Латвия Республикасы Климат және энергетика министрлігінің парламенттік хатшысы Янис Ирбе Латвияның қазақстандық кәсіпорындармен тікелей ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
— Біздің делегация құрамында Латвия порттары, логистикалық компаниялар, аграрлық сектор мен бизнес өкілдері бар. Біз Қазақстанмен ынтымақтастықтың зор әлеуетін көріп отырмыз және мұндай кездесулер нақты келісімшарттар мен бірлескен жобалардың бастамасына айналады деп сенеміз, — деді Янис Ирбе.

Кездесу барысында Латвиядан Қазақстанға асыл тұқымды ірі қара малын Қарағанды арқылы қолданыстағы әуе қатынасын пайдалана отырып жеткізу мүмкіндігі де талқыланды.
Қатысушылар Қарағанды облысының жоғары өндірістік және логистикалық әлеуетін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тамақ өнеркәсібі, ветеринария, аграрлық ғылым мен білім беру салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын атап өтті.
Бұған дейін Астанада өткен Қазақстан-Латвия бизнес-форумында айтылғандай, 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік өнім айналымы 51 миллион доллардан асты. Сонымен қатар Қазақстан Латвия порттары арқылы өнім транзитін ұлғайтуды жалғастыруда — өткен жылы тасымал көлемі шамамен 750 мың тоннаны құрады.
Қарағандыдағы кездесу B2B форматындағы келіссөздермен аяқталып, оның барысында кәсіпкерлер ынтымақтастықтың нақты бағыттары мен жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктерін талқылады.