Қарағанды облысында отандық өндірістегі мектеп формасы бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда

28.05.2026
Қарағанды облысында отандық өндірістегі мектеп формасы бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда

Қарағанды облысында оқушыларды отандық өндірістегі мектеп формасымен қамтамасыз етуге бағытталған пилоттық жобаны іске асыру жалғасуда. Жобаға Теміртау, Шахтинск, Саран қалаларының, Нұра ауданы мен Қарағанды қаласының мектептері қатысуда. Кезекті кеңесте Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының, білім бөлімдерінің, мектептердің және өндіруші кәсіпорындардың өкілдері аралық қорытындыларды шығарып, алдағы жұмыстарды талқылады.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы Жеңіл өнеркәсіп кеңесінің төрағасы Андрей Шмарин жобаның басты мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау арқылы мектеп формасымен қамтамасыз етудің қолжетімді жүйесін қалыптастыру екенін атап өтті.

Қазіргі таңда жоба Теміртау мен Шахтинск қалаларында белсенді жүзеге асырылуда. Пилоттық мектептерде ата-аналар форма үлгілерін таңдап, өлшем қатарларын жинау және жиынтықтарды талқылау жұмыстарын бастап кеткен.

Жобаға қатысушы кәсіпорындар бірнеше баға санатындағы нұсқалар қарастырылғанын, ал көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылар үшін жеңілдіктер мен жеке қолдау көрсетілетінін айтты.

Кеңесте Нұра ауданындағы жағдайға да ерекше назар аударылды. Білім бөлімі өкілдерінің мәліметінше, ата-аналар бастаманы жалпы қолдайды, алайда форма бағасына, түсіне және матасының құрамына қатысты ұсыныстарын білдіруде. Алдағы күндері өндіруші компаниялар ауданға қайта барып, форма үлгілерін таныстырып, ата-аналармен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Нұра ауданындағы мектептерде ата-аналар алдын ала танысуы үшін әр элементтің бағасы көрсетілген форма үлгілері қалдырылатын болады.

Қарағанды қаласындағы №59, №65 және №87 мектептерінде жұмыс жалғасуда. Бірқатар мектептерде қосымша ата-аналар жиналысын өткізу жоспарланған. Қалалық білім бөлімі өкілдері жергілікті жерде туындайтын мәселелер мен келіспеушіліктерге жедел араласуға дайын екендерін жеткізді.

Кеңестегі негізгі мәселелердің бірі – ата-аналар комитеттері мен сынып жетекшілерімен жүйелі жұмысты күшейту болды. Жазғы демалыс басталғанға дейін әр сынып бойынша өлшем қатарларын жинауға жауапты тұлғаларды бекіту тапсырылды. Сондай-ақ 29 мамырдан бастап бірінші сыныпқа құжат қабылдау кезінде оқушылардың өлшемдерін қатар жинау жоспарлануда.

Кездесуге қатысушылардың айтуынша, жоба оқушыларды сапалы мектеп формасымен қамтамасыз етумен қатар, отандық өндірушілерді қолдауға, жұмыс орындарын сақтауға және өңірдегі салық түсімдерін арттыруға бағытталған.