9 ай кабинет жағалаған: ШҚО-да кәсіпкер салық органдары жүйесіндегі ақаулар салдарынан бизнесін жаба алмады
Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында ең өткір мәселелердің бірі ретінде мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелеріндегі ақаулар талқыланды.
Кәсіпкерлердің айтуынша, салық базаларындағы қателіктер, негізсіз берешектің кенеттен пайда болуы, мемлекеттік қызметтерді уақытылы ала алмау және жауапты лауазымды тұлғалардың жедел әрекет етпеуі бизнеске айтарлықтай қиындық туғызуда.
Талқылауға «Металлинвест» ЖШС-нің өтініші себеп болды. Кәсіпорын тарату рәсімі кезінде елеулі қиындықтарға тап болған.
Кәсіпкердің сөзінше, компания сәуір айында салықтық берешектің жоқтығын растайтын кешенді салықтық тексеру актісін алғанына қарамастан, бірнеше күннен кейін мемлекеттік кірістер органдарының жүйесінде күтпеген жерден салықтық қарыз пайда болған.
«Нәтижесінде бізге қызметті тоқтатуды мемлекеттік тіркеуден өткізуге екі рет бас тартылды. Осы уақыт ішінде мен тоғыз ай бойы кабинеттен кабинетке барып, мәселені шешуге және кеткен қателікті түзетуге тырыстым. Уәкілетті органдарға бірнеше рет жүгінгенімізге қарамастан, мәселе ұзақ уақыт бойы шешілмеді», – дейді кәсіпорын басшысы.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Игорь Шацкий мұндай жағдайлар бизнес қауымдастығында үлкен алаңдаушылық туғызатынын атап өтті.
«Техникалық ақаулар, деректердің уақытылы жаңартылмауы және жекелеген лауазымды тұлғалардың жедел әрекет етпеуі процестердің созылуына, қосымша қаржылық шығындарға және әкімшілік кедергілердің пайда болуына алып келеді», – деді ол.
Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында да бұл мәселенің бар екенін мойындайды. Алайда олар ақпараттық жүйенің жұмысына тікелей әсер ете алмайтындарын айтты. Барлық қате мәліметтер мен техникалық ақаулар бойынша мәселелерді жою үшін техникалық қолдау қызметіне ұсыныстар жолданады.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына ақпараттық жүйелер толыққанды іске қосылуға техникалық тұрғыдан дайын болмаған жағдайда, жұмысты қол режимінде ұйымдастыруды ұсынды.
Отырыс соңында Игорь Шацкий кәсіпкер тоғыз ай бойы жүгінген нақты лауазымды тұлғалар белгілі екенін айтты. Осыған байланысты ол салық органдарының басшылығына кінәлі қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарауды қатаң түрде ұсынды.
ШҚО прокуратурасында да жаңа ақпараттық жүйелерді енгізу кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуі тиіс екенін, керісінше қосымша кедергілер тудырмауы қажет екенін атап өтті.
«Жаңа жүйелерді енгізу кезеңінде түрлі сипаттағы ақаулар туындаса, әрбір кәсіпкердің мәселесін жеке қарап, сүйемелдеу қажет. Адамдарды айлар бойы кабинет жағалатпау керек», – деді қадағалау органының өкілдері.
Прокуратура Кеңестің лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөніндегі ұсынысын қолдады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта кәсіпкердің мәселесі шешімін тапты.