Алматыда экология және бизнес мәселелері талқыланды
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» алаңында қала экологиясы мен бизнес қауымдастығының өзара іс-қимылына арналған жұмыс кеңесі өтті. Кездесуге «Eco Almaty» ЖШС өкілдері, салалық бизнес қауымдастықтар, кәсіпкерлер, қоғамдық тамақтану орындарының, техникалық қызмет көрсету станцияларының және басқа да ШОБ субъектілерінің өкілдері қатысты.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Шыңғысхан Маманов бүгінгі таңда Алматыдағы ауа сапасы мәселесі ең өзекті әрі маңызды тақырыптардың бірі екенін атап өтті. Бұл тек бизнеске немесе экономикаға ғана қатысты емес. Әңгіме қала тұрғындарының денсаулығы, өмір сүру сапасы және қаланың болашағы туралы болып отыр. Сондықтан мемлекеттік құрылымдар, бизнес және Кәсіпкерлер палатасы ашық диалог орнатып, Алматыны экологиялық тұрғыдан таза әрі өмір сүруге қолайлы қала ету үшін бірлесіп жұмыс істеуі аса маңызды.

Кездесудің негізгі спикерлерінің бірі «Eco Almaty» ЖШС бас директоры Марат Сембеков болды. Кездесу барысында кәсіпкерлерге атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа қағидалары жан-жақты түсіндіріліп, Алматы қаласындағы экологиялық ахуал мен бизнес нысандарымен жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша өзекті мәліметтер айтылды.
Айтылған мәліметтерге сәйкес, Алматыдағы жалпы шығарындылар көлемі жылына шамамен 189 мың тоннаны құрайды. Оның едәуір бөлігі автокөлік, шағын және орта бизнес нысандары мен қатты отынды пайдаланатын кәсіпорындарға тиесілі.
Кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарына да ерекше назар аударылды. «Eco Almaty» ЖШС мәліметінше, бүгінгі күні 2100-ден астам шағын және орта бизнес нысаны тексерілген. Олардың қатарында техникалық қызмет көрсету станциялары, қоғамдық тамақтану орындары мен монша кешендері бар. Кейбір кәсіпорындар экологиялық талаптарға сай шешімдерге көшіп, ауа тазарту жүйелерін орнатуды бастап кеткен.
Кездесудің басты мақсаты бизнес пен салалық сарапшылар арасында ашық диалог орнату болды. Кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қойып, жаңа экологиялық талаптар мен оларды енгізу кезеңдері бойынша түсіндірмелер алды.
Кездесу қорытындысы бойынша мұндай іс-шараларды тұрақты түрде өткізу туралы келісімге келінді. Алдағы уақытта «Атамекен» палатасы кәсіпкерлерге өзекті ақпарат, мамандар кеңесі мен маңызды мәселелер бойынша қолдау көрсету мақсатында басқа да коммуналдық ұйымдармен осындай кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Кездесуге қатысушылар бизнес, қала және салалық ұйымдардың бірлескен жұмысы ғана нақты нәтижеге жеткізіп, Алматы ауасын тазартып, тұрғындардың өмірін қауіпсіз әрі жайлы ете алатынын атап өтті.