Менторлар мектебі: «Атамекен» нақты бизнес-сектор үшін кадрларды қалай дайындап жатыр
Алматыда тәлімгерлік институтын дамыту және кәсіпорындар үшін білікті кадрлар даярлау бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі - Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» жанындағы Менторлар мектебі. Аталған мектеп 2018 жылдан бері кәсіпорындардың тәлімгер-мамандарын оқытып, тәлімгерлер тізілімін қалыптастырып келеді. Бүгінде мектепте 357 адам оқудан өтті.
Кәсіпорындардың тәлімгер-мамандарын даярлау аясындағы кезекті оқыту семинарын Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының мультипликаторы Толқын Әбілдаева өткізді. Кездесу барысында қатысушылар жұмыс орнындағы оқытудың заманауи тәсілдерін, тәлімгерліктің психологиялық аспектілерін, жас мамандарды бейімдеу әдістерін және практикалық тәжірибені тиімді жеткізу құралдарын жан-жақты талқылады.

Толқын Әбілдаеваның айтуынша, бүгінде тәлімгерлік кәсіпорындардың кадрлық әлеуетін дамытудың маңызды құралдарының біріне айналып отыр.
«Қазіргі таңда тәлімгер - жай ғана тәжірибелі қызметкер емес. Ол жас маманның бейімделуіне, өзінің әлеуетін ашуына және мамандыққа деген сенімділігін қалыптастыруға көмектесетін адам. Дәл тәлімгерлік арқылы кәсіпорындарда сапалы әрі тұрақты кадрлық орта қалыптасады», - деді тренер.
Семинар барысында қатысушыларға жұмыс орнындағы оқыту әдістері, тәлімгер мен шәкірт арасындағы сенімді қарым-қатынастың маңыздылығы, сондай-ақ жас мамандарды ынталандыру мен сүйемелдеудің заманауи тәсілдері туралы айтылды. Сонымен қатар кері байланыстың рөліне, білім алушыларды психологиялық қолдауға және өндірістегі бейімделу процесін тиімді ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.
Семинарға Орталық Азиядағы техникалық және кәсіптік білім беру жөніндегі GIZ (Германия) аймақтық бағдарламасы аясында арнайы даярлықтан өткен мультипликаторлар - тренерлер де тартылды. Мұндай халықаралық тәжірибе бизнес қажеттіліктеріне бейімделген тәлімгерлік пен жұмыс орнындағы оқытудың заманауи әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.
Толқын Әбілдаеваның сөзінше, бүгінде жұмыс берушілер оқу орындарын тәмамдаған түлектер саны көп болғанына қарамастан, кадр тапшылығына жиі тап болып отыр.
«Қазір білім беру жүйесі мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты нығайту аса маңызды. Кәсіпорындарға тәжірибелік жұмысқа дайын мамандар қажет, ал тәлімгерлік осы алшақтықты қысқартуға көмектеседі», - деп атап өтті ол.
Семинардың жеке модулі Ұлттық біліктілік жүйесіне (ҰБЖ) арналды. Бұл жүйе еңбек нарығы мен білім беру саласының өзара байланысының маңызды тетігіне айналып келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бизнес құзыреттерге сұраныс қалыптастырады, ал білім беру жүйесі кәсіпорындардың нақты қажеттіліктеріне жедел бейімделуі тиіс.
Оқыту қорытындысы бойынша қатысушылар тәлімгер сертификаттарын алып, ҚР ҰКП «Атамекен» тәлімгерлер тізіліміне енгізіледі. Мұндай тәсіл отандық кәсіпорындардың кадрлық әлеуетін күшейтіп, Қазақстандағы дуальды оқыту жүйесінің дамуына қолдау көрсететін кәсіби тәлімгерлер қауымдастығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.