Отандық өндірушілерді қолдау шаралары күшейтілуде: ұлттық режимнен алып тастау мерзімі ұзартылды
Қазақстанда отандық өндірісті қолдау және ішкі нарықты қорғау бағытындағы жүйелі шаралар жалғасуда. «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларда қолданылатын ұлттық режимнен алып тастау тетігінің мерзімі екі жылға ұзартылды.
Тиісті шешім Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 23 сәуірдегі №314 қаулысымен қабылданды. Құжат жиһаз өнеркәсібі, машина жасау, химия, металлургия және құрылыс индустриясы салаларындағы отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған.
Ұлттық режимнен алып тастау – мемлекеттік сатып алулар кезінде шетелдік тауарларға уақытша шектеу қою арқылы ішкі нарықты қорғауға мүмкіндік беретін құрал. Бұл механизм отандық кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын сақтауға және жергілікті өндірістің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын іске асыру мақсатында ұлттық режимнен алып тастауға жататын машина жасау саласы тауарларының, сондай-ақ химия, металлургия, құрылыс және жиһаз өнеркәсіптері тауарларының тізбесін бекіту туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығына қол қойылды. Құжат Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне жолданып, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылды.
Алып тастау шарасы 3 344 тауарлық позицияға қолданылады. Оның ішінде:
· 2 176 тауар – машина жасау саласына;
· 248 тауар – химия өнеркәсібіне;
· 217 тауар – металлургия өнеркәсібіне;
· 495 тауар – құрылыс индустриясына;
· 208 тауар – жиһаз өнеркәсібіне тиесілі.
«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры – басқарушы директор Алмат Асқар ұлттық режимнен алып тастау тетігі бұған дейін де қолданылып, отандық тауар өндірушілер үшін оң ықпал етіп, қабылданған шаралар отандық кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін арттыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға, жұмыс орындарын сақтауға және отандық бизнестің реттелетін сатып алуларға қатысуын кеңейтуге мүмкіндік бергенін атап өтті.