Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне қатысты мәселелер талқыланды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Денсаулық сақтау министрлігінің, бизнес және салалық қауымдастықтар өкілдерінің қатысуымен отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірушілерін қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне (ҚТӨ) енгізу мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кездесу барысында сала өкілдері қазіргі жағдайдың елеулі алаңдаушылық тудырып отырғанын атап өтті. «СК-Фармация» ЖШС мәліметінше, Бірыңғай дистрибьютормен ұзақ мерзімді келісімшарт жасасқан 28 отандық өндірушінің тек 17-сі ғана ҚТӨ тізіліміне енгізілген. Осындай жағдай тендер қорытындысы және баға ұсыныстарын сұрату тәсілі арқылы жұмыс істейтін жеткізушілер арасында да қалыптасып отыр. Мұнда 22 өндірушінің тек 10-ы ғана тізілімге енген.
Кеңеске қатысушылар жеткізушінің ҚТӨ тізілімінде болмауы Бірыңғай дистрибьютор тарапынан жеткізу шарттарын біржақты бұзуға негіз болуы мүмкін екенін алға тартып отыр. Осыған байланысты бизнес өкілдері қолданыстағы келісімшарттардың бұзылуы, өндірістік желілердің тоқтап қалуы, кәсіпорындардың жүктемесінің төмендеуі, инвестициялардың жоғалуы және жұмыс орындарының қысқаруы тәуекелдерін көтерді.
Сонымен қатар, отандық компаниялар өкілдері ҚТӨ тізіліміне енгізілу рәсімінен өту кезінде әкімшілік және рәсімдік кедергілердің бар екенін жеткізді. Негізгі мәселелер ретінде өтінімдерді қарау мерзімдерінің ұзақтығы, кері байланыстың ашық болмауы, құжаттардың бірнеше мәрте толықтыруға қайтарылуы, сондай-ақ өндірістік процестер бойынша егжей-тегжейлі бейнематериалдарды ұсыну талаптарының шамадан тыс болуы аталды.
Кеңес барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту департаменті Медициналық өнеркәсіпті дамыту басқармасының басшысы Айгүл Телешева министрлік тарапынан ҚТӨ өнімдерін тізілімге енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта негізгі күш-жігер дәл осы арнаға бағытталған. Атап айтқанда:
1. Денсаулық сақтау министрлігі ұзақ мерзімді келісімшарттары бар фармацевтикалық және медициналық өнімдерді ҚТӨ тізіліміне басым тәртіппен енгізу жұмыстарын жүргізуде. Жұмыс әрбір отандық өндірушімен жеке жүргізіледі;
2. Биылғы 30 мамырға дейін медициналық бұйымдар өндірушілерінен өндіріс шарттары мен технологиялық операциялар тізбесіне қатысты ұсыныстарды жинау жүргізілуде. Бұл ұсыныстар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің №392 бұйрығына өзгерістер енгізу үшін қарастырылады.
Кеңес қорытындысы бойынша Палата ҚТӨ тізіліміне енгізілу процесінде тұрған өндірушілер үшін өтпелі механизм енгізу, өтінімдерді қараудың шекті мерзімдерін белгілеу, «ескертулердің бірыңғай тізбесі» қағидатын енгізу, сондай-ақ Бірыңғай дистрибьютормен қолданыстағы жеткізу шарттары бар компаниялардың өтінімдерін басым тәртіппен қарау қажеттігі жөнінде ұсыныстарын жеткізді.