Шалқар және Ырғыз кәсіпкерлері бизнес жұмысына кедергі келтіріп отырған мәселелерді көтерді
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Абдухат Мырзалиннің жеке қабылдауы өтті. Кездесу барысында өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдері тап болып отырған жүйелі және инфрақұрылымдық өзекті мәселелер қаралды. Мәселелерді жан-жақты талқылау үшін жиынға қадағалау органдары мен аудандық атқарушы билік өкілдері қатысты.
Шалқар вокзалын қайта жаңғырту: қоршау кәсіпке кедергі болуы мүмкін
Өңірлік деңгейде көтерілген мәселелердің бірі – Шалқар ауданынан келген кәсіпкер Қайрат Мұнайтбастың өтініші болды. Мәселе Шалқар станциясындағы теміржол вокзалын ауқымды қайта жаңғырту жобасына қатысты. Жоба аясында перронға қорғаныс қоршауын орнату жоспарланған.

Жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, қоршау орнатылған жағдайда жолаушылар ағыны сауда нысандарына өте алмай, бұл кәсіп иелерін үлкен шығынға ұшыратып, шағын бизнес нысандарының жұмысына қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар кәсіпкерлер жауапты органдар тарапынан толыққанды құқықтық түсіндірме мен балама шешімдердің ұсынылмағанын айтты.
Талқылау барысында Кәсіпкерлер палатасы барлық тараптың ұстанымын жан-жақты қарастырды. Онлайн форматта Шалқар қаласының әкімі Қорғанбек Исаев та қатысты.

Шалқар әкімдігінің мәліметінше, теміржол вокзалы терроризм тұрғысынан осал нысандар қатарына жатады. Осыған байланысты қоршау орнату антитеррорлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес міндетті шара болып саналады және бұл «СП Элитма» ЖШС мердігерлік ұйымының жобасында көзделген. Әкімдік өкілдері бұл шешімді өзгерту мүмкін еместігін айтты. Сонымен қатар қоршау салдарынан оқшаулануы мүмкін кәсіпкерлерге базардан сауда орындарын ұсыну немесе балама жұмысқа орналастыру мәселесінде көмек көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Кейбір сауда нысандарының қала жағына шығатын есіктері болғанымен, кәсіпкерлер жобаны икемді түрде қайта қарастыруды сұрап отыр.

Қандыағаш көлік прокуратурасының аға прокуроры Мейрамбек Қойлыбаевтың айтуынша, қоршау жобасы әзірге келісу және сараптама кезеңінде ғана тұр. Қазіргі уақытта құжаттар Қандыағаш станциясындағы желілік полиция бөлімінде қаралуда және түпкілікті бекітілмеген.
Прокуратура өкілі маңызды құқықтық мәселеге де тоқталды: бірқатар күрделі құрылыс нысандары орналасқан жер телімдері кәсіпкерлердің жеке меншігінде болса, перрон «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ теңгерімінде.
Прокуратураның ұстанымы нақты — жобалық сызбалар кәсіпкерлермен бірге толық зерделенбейінше, қандай да бір біржақты әрекеттер тоқтатылуы тиіс. Бұл болашақтағы қоршаудың нақты қай аумақтар мен бизнес нысандарына әсер ететінін анықтауға мүмкіндік береді.

Түпкілікті ымыралы шешім қабылдау үшін Кеңес төрағасы Абдухат Мырзалин көшпелі отырыс өткізуді ұсынды. Оның аясында нысанға барып, жобалық сызбалар коммерциялық нысандардың нақты орналасуымен салыстырылатын болады. Негізгі мақсат — қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жолаушылар үшін нысандардың қолжетімділігін және жұмыс істеп тұрған бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ететін шешім табу.
Ырғыз ауданындағы жол бойы сервисі: жол таңбасы бизнеске кедергі келтірген
Жеке қабылдау барысында Ырғыз ауданынан келген кәсіпкер де өз мәселесін көтерді. Әңгіме «Самара – Шымкент» республикалық маңызы бар автожолының 23-шақырымында, «Ырғыз – Шалқар» облыстық жолының қиылысында орналасқан «Айнагүл» жол бойы дәмханасына қатысты болды.
Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі жол таңбалау сызбасындағы тұтас сызықтың салдарынан Ақтөбе қаласы жағынан келе жатқан көліктер солға бұрылып, кемпинг аумағына қауіпсіз кіре алмайды. Ал дәл осындай басқа жол бойы сервис нысандарына еш кедергісіз кіруге мүмкіндік бар.

Кәсіпкер бұл жағдай бизнес табысына тікелей әсер етіп отырғанын, клиенттер ағынын азайтып, жол үстіндегі жүргізушілердің наразылығын тудырып отырғанын айтты. Себебі олар уақытылы тоқтап, демалып немесе тамақтана алмайды.
Мәселе көлік прокуратурасы өкілдерінің қатысуымен қаралды. Көлік прокуратурасының аға прокурорының мәліметінше, бұл учаскедегі тұтас жол сызығы шамамен екі жыл бұрын Полиция департаментінің нұсқамасы негізінде сызылып, оны «QAJ Сервис» мердігерлік ұйымы орындаған.
Прокурордың айтуынша, Кәсіпкерлер палатасы жеке қабылдау хаттамасымен бірге прокуратураға ресми хат жолдауы қажет. Өз кезегінде прокуратура Полиция департаментіне және «QAJ Сервис» ұйымына тұтас жол сызығын салудың құқықтық негіздерін зерделеу жөнінде сұрау жолдайды.
«Ырғыз — шалғай аудан. Сондықтан мұнда жергілікті бизнесті қолдау маңызды. Егер құқықтық талдау жол қозғалысы қауіпсіздігіне зиян келтірмей өзгеріс енгізуге мүмкіндік бар екенін көрсетсе, біз қозғалыс сызбасын қайта қарау мәселесін көтереміз», — деді Қандыағаш көлік прокуратурасының аға прокуроры Мейрамбек Қойлыбаев.

Кеңес төрағасы Абдухат Мырзалин жол бойы сервистерін дамыту өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтудегі маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды инфрақұрылымдық кедергілер кәсіпкерлер жұмысына тосқауыл болмауы тиіс.
Жол полициясының тиісті қорытындысы мен техникалық мүмкіндік болған жағдайда, Кеңес жол бойы сервис нысанына қауіпсіз кіруді қамтамасыз ету үшін жол таңбалау сызбасын түзету мәселесін пысықтауға қолдау көрсетеді.
