Қарағандыда бизнеске түсетін әкімшілік қысымды азайту жолдары талқыланды
ӨКП алаңында Қарағанды облысы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің 109-отырысы өтті. Жиын барысында жоспардан тыс тексерулердің заңдылығы, олардың тиімділігі және кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік қысым мәселелері талқыланды. Отырысқа Кеңес төрағасы Геннадий Жмук модераторлық етті.
Күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің 2025 жыл мен 2026 жылдың І тоқсанындағы қызмет қорытындылары, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне жоспардан тыс тексерулерді заңсыз тағайындау мен жүргізу тәжірибесі қаралды.
Құқықтық статистика департаментінің мәліметінше, 2025 жылы өңірде 4 900-ге жуық тексеру тіркелген. Оның 2 700-ден астамы кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жүргізілген. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 2 100-ден астам тексеру тағайындау актісі рәсімделіп, оның мыңнан астамы бизнес нысандарына қатысты болған.
ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің аға прокуроры Арман Әлкенов есепті кезеңде 239 заңсыз тексеру анықталғанын, оның 100-і кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты болғанын айтты.
«Қарағанды облысы республика бойынша тағайындалатын тексерулер саны жағынан алдыңғы қатарда тұр. Бұл – оң көрсеткіш емес. Бүгінгі негізгі міндеттердің бірі – жоспардан тыс тексерулер санын азайтып, бизнесті артық әкімшілік қысымнан қорғау», – деді Арман Әлкенов.
Оның айтуынша, тіркелген тексеру актілерінің шамамен 40 пайызы нәтижесіз аяқталады, яғни тексеру барысында ешқандай заңбұзушылық анықталмайды.
«Егер тексеру нәтижесіз аяқталса, мұндай араласудың қаншалықты негізді болғаны жөнінде заңды сұрақ туындайды. Біз мұндай жағдайларға талдау жасап, мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар жолдаймыз», – деді ол.
Жиында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары тарапынан жоспардан тыс тексерулерді тағайындау мәселесіне ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлер палатасы өкілдері өтініштерді қарау кезінде формалды тәсілдің жүйелі мәселеге айналғанын айтты.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің басшысы Қонысбек Ахметов тексерулердің көп жағдайда жеткілікті дәлелдерсіз және нақты қауіп-қатерге объективті баға берілмей тағайындалатынын атап өтті.
«Лауазымды тұлғалар көбіне арыздың түскен фактісімен ғана шектеліп, адам өмірі мен денсаулығына нақты қауіптің бар-жоғын бағаламайды. Соның салдарынан жоспардан тыс тексерулер бизнеске қысым көрсету құралына айналып отыр», – деді Қонысбек Ахметов.
Оның айтуынша, тұтынушылардың құқығын қорғау тетіктері азаматтық-құқықтық дауларды мемлекеттік бақылау алаңына шығарудың құралы ретінде жиі қолданылып келеді.
«Кәсіпкер жеке тапсырысты орындайды, тапсырыс беруші жұмысты қабылдап, төлем жасайды. Кейін қаражатты қайтаруды талап етіп, мемлекеттік органдарға шағымданады. Салдарынан азаматтық-құқықтық дау тексеру жүргізуге негіз болып кетеді», – деді Палата өкілі.
Өз кезегінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері жоспардан тыс тексерулер жеткілікті негіздерсіз тағайындалмайтынын мәлімдеді.
«Ешбір тексеру растайтын құжаттар мен материалдарсыз жүргізілмейді. 2025 жылы келіп түскен үш мыңнан астам өтініштің ішінде небәрі 76 жоспардан тыс тексеру ғана азаматтардың шағымдары негізінде тіркелді»,- деді Қарағанды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгерім Жылқыбаева.
Кеңес төрағасы Геннадий Жмук бүгінгі таңда мемлекеттік бақылау жүйесіндегі тәсілдерді қайта қарап, заң талаптары мен бизнестің тұрақты дамуы арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігін атап өтті.
– Тепе-теңдік болуы керек. Иә, заңбұзушылықтар кездеседі. Бірақ әрбір құқықбұзушылықтың сипаты мен салмағы әртүрлі. Бір жағдайда бұл өрескел заңбұзушылық болса, енді бір жағдайда кәсіпкердің тәжірибесіздігі немесе қателігі болуы мүмкін, – деді Геннадий Жмук.
Кеңес төрағасының айтуынша, кәсіпкерлер арасында әлі күнге дейін «тексеруші келсе, міндетті түрде бір заңбұзушылық табуы керек» деген түсінік қалыптасқан.
– «Тексеруге шықтың ба – міндетті түрде бір нәрсе анықтауың керек» деген көзқарас бар. Мұндай тәсілді өзгерту қажет. Бақылаудан бұрын профилактикаға басымдық берілуі тиіс, – деп атап өтті Геннадий Жмук.
Ал Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Азамат Даненбаев алғашқы құқықбұзушылық кезінде қатаң санкциялар қолданудың орнына ескерту беру тетігін енгізу қажеттігін айтты.
– Кәсіпкерге алғаш рет жіберген кемшілігін түзетуге мүмкіндік беру керек. Бірден айыппұл салып, жазалауға болмайды. Қойылатын талаптардың көптігін ескерсек, кәсіпкердің де қателесуге құқығы болуы тиіс, – деді Азамат Даненбаев.
Жиын барысында қатысушылар «профилактикалық қадағалау аймағы» атты пилоттық жобаны іске қосу бастамасын қолдады. Бұл жоба аясында бақылау шаралары негізінен ескерту және түсіндіру сипатында жүргізілуге тиіс.
Сонымен қатар кәсіпкерлер жер конкурстары бойынша жүргізілетін тексерулердің даулы тәжірибесін көтерді. Бизнес өкілдерінің айтуынша, кей жағдайларда конкурс нәтижелері ұзақ уақыт өткен соң заңсыз деп танылып, сол уақытқа дейін жеңімпаздар жер телімін игеруге қомақты қаражат жұмсап үлгерген.
Кеңес қорытындысында бизнес пен бақылаушы органдар арасындағы өзара байланысты күшейту жөнінде келісімге келді. Кәсіпкерлер палатасының алаңында заңнамадағы өзгерістер мен тексеру тәртібін түсіндіруге арналған тұрақты кездесулер мен қабылдау күндерін өткізу жоспарланып отыр.