Бизнес үшін «Заң және тәртіп»: ШҚО-да кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығына басымдық берілуде
Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында бизнес өкілдері, прокуратура және мемлекеттік органдар қатысқан дөңгелек үстел өтті.
Кездесуді ашқан ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жанғырханова қазіргі заманғы бизнес тек бастамашылдық пен дамуды ғана емес, сонымен қатар заңнаманы қатаң сақтауды талап ететінін атап өтті.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Құқықтану» кафедрасының сениор-лекторы Аксана Каленова бүгінде бизнесті ашық әрі айқын жүргізу уақыты келгенін айтты.
«Кәсіпкерлер салықтық есептілікке, еңбек қатынастарына, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды рәсімдеуге, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударуы қажет. Мемлекеттік органдар тарапынан тексерулер жүргізілген кезде өз құқықтарын білу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау талаптарын сақтау, сондай-ақ кибершабуылдар мен алаяқтық схемаларға байланысты заманауи тәуекелдерді ескеру маңызды», – деді ол.
ШҚО прокурорының көмекшісі Диас Салимов та қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Кездесу барысында «құқықтық тәртіп – табысты бизнестің қорғаны» екені, ал ашықтық пен заңды сақтау іскерлік ортаның қалыпты қағидатына айналуы тиіс екені айтылды.
Қадағалау органында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қорғау тетіктері енгізілгені еске салынды. Олардың қатарында тексерулердің бірыңғай тізілімі, инвесторларды қорғауға арналған прокурорлық сүзгі және жекелеген рәсімдерді жүргізу кезіндегі сот бақылауы бар.
«Біз кәсіпкерлерді қолдауға, олардың құқықтарын қорғауға дайынбыз және сындарлы өзара іс-қимылға ашықпыз», – деп атап өтті Диас Салимов.
Бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары туралы қатысушыларға ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев баяндады.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын креативті индустрияны қолдау мәселесі тудырды. Кәсіпкердің сұрағына жауап берген Арман Есентаев қазіргі таңда экономиканың бірқатар салаларын қолдау бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылғанын, енді басқарма креативті индустрия субъектілерінің ЭҚЖЖ-ларын мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну қағидаларына енгізуді бастамашылық етіп отырғанын айтты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар кәсіпкерлікті дамыту заңдылық, ашықтық және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара сенім қағидаттарын сақтаусыз мүмкін емес деген ортақ пікірге келді.