«Таза Қазақстаным – таза Атамекенім»: ақмолалық кәсіпкерлер экологиялық челленджді қолдады
Еліміз бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» бастамасымен «Таза Қазақстаным – таза Атамекенім» экологиялық челленджі өтті. Аталған бастама қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау идеясын қолдайтын бизнес өкілдерін, қоғам белсенділері мен тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдырды. Экологиялық челлендж Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды.
Акцияға Ақмола облысының кәсіпорындары белсенді қатысты. Челлендж аясында компания ұжымдары қоғамдық орындарды абаттандырып, аумақтарды қоқыстан тазартты, ағаштар мен гүлдер отырғызды. Осылайша олар елді мекендерді көркейтуге және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
Бастаманың ерекшелігі оның эстафеталық форматта өтуінде болды. Қатысушылар челленджді бір-біріне жолдап, экологиялық қозғалысқа жаңа ұйымдардың қосылуына ықпал етті. Челлендж барысында компания басшылары табиғатқа, туған жерге және оның байлығын сақтаудағы адам жауапкершілігіне арналған қазақ ақындарының шығармаларынан үзінділер оқыды.
Ақмола облысында бастамаға «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ, «Новопэк» компаниялар тобы, «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясының Көкшетау филиалы, «Эко-Dump» ЖШС, «Гормолзавод» ЖШС, «Агроглобал» ЖШС, «Авикс Групп» ЖШС, «Fillin Group» ЖШС және Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы қатысты.
Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбектің айтуынша, мұндай бастамалар экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, адамдарды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырады.
«Қоршаған ортаның тазалығы әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Бүгінде бизнес қоғам үшін маңызды бастамаларға белсенді қатысып, тек экономикалық дамуға ғана емес, адамдар өмір сүріп, еңбек ететін аумақтарды абаттандыруға да өз үлесін қосуға дайын екенін көрсетіп келеді», – деді Ерқанат Мұсылманбек.