Кәсіпкерді заңсыз тексерулерден қорғау

29.05.2026
Кәсіпкерді заңсыз тексерулерден қорғау

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және бизнес-ортаның заңсыз тексерулеріне жол бермеу - прокуратураның басым бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда бұл жұмыс жүйелі, әрі нәтижелі жүзеге асырылуда.

Прокуратура органдары  кәсіпкерлерге қатысты негізсіз тексерулерді азайту бағытын ұстанып, негізгі қағидасы - заңға бағынатын бизнес бюрократия мен басымшылықтан зардап шекпеу.

Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының м.а. 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №162 бұйрығымен бекітілген Қағидасы ерекше рөл атқарады.

Ол кәсіпкерлерге қатысты тексерулерді жүргізу тәртібін нақты реттейді.

Прокурорлар әрбір тексерудің заңдылығын тексеріп, қадағалап отыруға міндетті.

Осындай міндеттерді орындаудың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің көліктегі департаментімен (бұдан әрі – Департамент) 2026 жылы мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне қатысты тіркеуге жолданған 389 тексерулердің ішінде, 9 тексерулер тіркеуден бас тартылған және 3 тексерулер заңсыз деп танылып, осы заң бұзушылық фактілері бойынша 12 прокурорлық қадағалау актілері енгізілді, нәтижесінде 4 лауазымды тұлғалар тәртіптік 7 лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Негізсіз және заңсыз тексерулерге жол бермейтін цифрландыру және жүйелік бақылаудың маңызды құралы «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» автоматтандырылған жүйесі болып отыр.

Бұған қоса инвесторларға қатысты тексерулерді келісу жүйесі жетілдірілген, енді олардың барлығы электрондық түрде прокурорлармен келісіліп, заңсыздықтың алды алынуда.

Бұдан бөлек кәсіпкерлердің өзіне қатысты тіркелген тексерулерді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің «Qamqor» мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.

Осылайша өзіңізге қатысты тексеру болған жағдайда еліміз бойынша кәсіпкерлердің өтініштерін тәулік бойы  қабылдайтын прокуратураның мобильді топтары жұмыс істейді, бұл туралы мәлімет Бас көлік прокуратурасының сайтында орналасқан QR - код арқылы қолжетімді.

Осылайша әрбір кәсіпкер тексеру бойынша не білуі қажет?

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 147-бабы 1, 2-тармақтарына сәйкес,  бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру үшін объектіге келген бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдары бақылау мен қадағалау субъектісіне:

- егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелгені туралы белгі қойылған бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні;

- қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын;

- қажет болған кезде – құзыретті органның режимдік объектілерге баруға арналған рұқсатын;

- денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген, объектілерге бару үшін қажет болатын медициналық рұқсаттаманы көрсетуге міндетті.

Бақылау мен қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні табыс ету, сондай-ақ бақылау мен қадағалау субъектісін бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауға және (немесе) тексеруге жататын талаптардың тармақтарын көрсете отырып, тексеру парағымен (ол болған кезде) таныстыру күні бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізудің басталуы деп есептеледі.

Тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілмеген, сондай-ақ тексеруге тиісті өкілеттіктері жоқ адамдар тексеру жүргізуге құқықтары жоқ.

Бизнесті қорғау - бұл елдегі тұрақтылықты қорғау болып табылады. Ал бұл жұмыс одан әрі күшейтілуде.