ЕАЭО кеңістігіндегі бизнес диалогы мен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту

29.05.2026
ЕАЭО кеңістігіндегі бизнес диалогы мен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту

Астанада V Еуразиялық экономикалық форум аясында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) мен ЕАЭО Іскерлік кеңесінің өзара іс-қимыл жөніндегі Консультативтік кеңесінің 12-отырысы өтті. Іс-шара ЕАЭО елдерінің бизнес-қоғамдастықтары, салалық қауымдастықтар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы диалогты нығайтуға арналған.

Отырысқа ЕЭК Алқасының экономика және қаржы саясаты жөніндегі мүшесі (министрі) Бақыт Сұлтанов, ЕЭК өкілдері, ЕАЭО Іскерлік кеңесінің мүшелері, сондай-ақ ұлттық бизнес-қоғамдастықтардың басшылары қатысты.

Іс-шара барысында ЕАЭО кеңістігіндегі кәсіпкерлік қызметті дамыту, интеграциялық үдерістердің бизнес ахуалға әсері, өндірістік кооперацияны кеңейту, техникалық реттеу және цифрлық трансформация мәселелері талқыланды.

Изображение

Отырыста сөз сөйлеген «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайында мемлекеттер арасындағы экономикалық ықпалдастықты тереңдетудің маңызы артып отырғанын атап өтті.

«Қазақстан Еуразия кеңістігінің орталығында орналасқан мемлекет ретінде өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай жасауға дәйекті түрде қолдау көрсетіп келеді. Бұл үдерісте Консультативтік кеңес бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы тиімді диалог алаңы ретінде өзін дәлелдеді», – деді Қанат Шарлапаев.

Палата басшысы техникалық реттеу бағытындағы жұмыстарға да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, «Атамекен» ҰКП мен ЕЭК-тің техникалық реттеу блогы арасында жүйелі әрі конструктивті өзара іс-қимыл жолға қойылған.

Бүгінде Палата өкілдері ЕАЭО-ның техникалық реттеу жөніндегі консультативтік комитеттері, кіші комитеттері мен жұмыс топтарының қызметіне белсенді қатысып келеді. Атап айтқанда, химия, алкоголь және азық-түлік өнімдері, көлік, машиналар мен жабдықтарға қатысты техникалық регламенттерді әзірлеу және жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, өнімнің сәйкестігін бағалау кезіндегі резиденттік қағидаты, уәкілетті тұлғалар тізілімін қалыптастыру және өнім сапасы тұжырымдамасына қатысты бастамалар талқылануда.

Изображение

Қанат Шарлапаев өнеркәсіптік кооперация мәселесіне де тоқталып, ЕАЭО аясындағы бірлескен өндірістік жобаларды қаржылай қолдау тетіктерін одан әрі дамыту қажеттігін айтты.

«Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағымемлекеттер ұлттық деңгейде кәсіпорындар арасындағы кооперациялық тізбектерді дамытуға қолдау көрсетіп, бизнеске қолданыстағы қолдау құралдары туралы жүйелі ақпарат беруді күшейтуі қажет. Бұл тәсіл өнеркәсіппен қатар агроөнеркәсіптік кешендегі кооперациялық бастамаларды дамытуға да серпін береді», – деді ол.

Бүгінде ЕАЭО аясында мақұлданған кооперациялық жобалар бойынша бюджет қаражатын игеру екі жоба шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Оның бірі – Ресей Федерациясындағы «Муромский стрелочный завод» АҚ базасында өндірістік қуаттарды құру жобасы болса, екіншісі – Қазақстандағы Kazrost Engineering Ltd базасында ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жобасы.

Отырыс барысында қатысушылар агроөнеркәсіптік кешендегі кооперациялық жобаларды қаржылай қолдау тетіктерін кеңейту мәселесін де талқылады. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен бірлесіп, Комиссия ЕАЭО туралы шартқа ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және АӨК инфрақұрылымы саласындағы бірлескен жобалар бойынша кредиттер мен қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауды көздейтін Хаттама жобасын әзірлегені атап өтілді. Ұсынылып отырған тетікке Одақтың кемінде үш елінің ұйымдары қатысып, кооперация деңгейінің шегін 2%-ға дейін төмендету қарастырылған. Қазіргі уақытта құжат мемлекетішілік рәсімдерден өтуде, сонымен қатар жобаларды іріктеу тәртібі мен қатысушыларға қойылатын талаптар әзірленіп жатыр.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар ЕАЭО кеңістігіндегі іскерлік ынтымақтастықты одан әрі нығайту, кәсіпкерлік белсенділікті кеңейту және бірлескен кооперациялық жобаларды дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырудың маңызын атап өтті.