Ресейде СПОТ жүйесі 1 маусымнан бастап іске қосылады: қамтамасыз ету төлеміне қойылатын талап 2026 жылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдырылды
QR-код 1 маусымнан бастап міндетті, ал қамтамасыз ету төлемі – 2026 жылғы 1 шілдеден бастап енгізіледі
Ресейдің Тауарларды күтуді растау жүйесін (СПОТ) енгізу мәселесі — V Еуразиялық экономикалық форум алаңында талқыланған тақырыптардың бірі.
Уәкілетті органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен келіссөздер мен консультациялар қорытындысы бойынша қамтамасыз ету төлемін енгізу талабын 2026 жылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдыру туралы келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар СПОТ жүйесінің өзі 2026 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың Ресей Федерациясына тауар жеткізу кезінде жаңа рәсімдерді ескеруі қажет екенін білдіреді. Алайда 1 шілдеге дейінгі өтпелі кезеңде жеткізілімдерді рәсімдеу қамтамасыз ету төлемінсіз жүзеге асырылады.
Еске сала кетейік, СПОТ жүйесі ресейлік импорттаушының тауарды алдағы жеткізу туралы құжатты (ДОПП) рәсімдеуін және жеткізілімнің заңдылығын растайтын QR-код алуын көздейді. Жүйе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден автомобиль көлігімен әкелінетін тауарларға қолданылады.
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаңа талаптарды кезең-кезеңімен енгізу және бизнес мүдделерін ескеру қажеттілігіне назар аудара отырып, бұл мәселені әртүрлі алаңдарда тұрақты түрде көтеріп келді.
Еуразиялық экономикалық форум аясында «Атамекен» ҰКП өкілдері мүдделі тараптармен бірқатар кездесулер мен консультациялар өткізді. Соның нәтижесінде бизнеске жаңа тетікке бейімделу үшін қосымша өтпелі кезең беру жөнінде келісімге қол жеткізілді.
СПОТ жүйесінің іске қосылуына байланысты «Атамекен» ҰКП қазақстандық экспорттаушыларға ресейлік серіктестерімен қажетті жұмыстарды қазірден бастап жүргізуді ұсынады. Атап айтқанда, тауарды алдағы жеткізу туралы құжатты (ДОПП) рәсімдеу тәртібін, QR-код алу және оны тасымалдаушыға уақытылы беру мәселелерін алдын ала келісіп алған жөн.
QR-кодтың 2026 жылғы 1 маусымнан бастап жеткізілімнің міндетті элементі болып қала беретінін ескерген маңызды. Ресейлік импорттаушы тиісті құжаттарды рәсімдеп, QR-кодты жүк шекараға жеткенге дейін тасымалдаушыға жолдауы тиіс. QR-кодтың болуы жеткізілімнің заңдылығын растауға және бақылау рәсімдерінен өту кезінде туындауы мүмкін қиындықтардың алдын алуға септеседі.
2026 жылғы 1 шілдеге дейін жеткізілімдерді рәсімдеу қамтамасыз ету төлемінсіз жүзеге асырылады. Өтпелі кезең аяқталғаннан кейін сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар жүйенің барлық талаптарын, оның ішінде көзделген қамтамасыз ету төлемін енгізуді толық көлемде орындауы қажет болады.
«Атамекен» ҰКП СПОТ тетігін одан әрі іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, бизнес қауымдастықпен және Еуразиялық экономикалық одақтағы серіктестермен өзара іс-қимылды жалғастырады және кәсіпкерлерді алдағы өзгерістер мен қабылданған шешімдер туралы хабардар етіп отырады.
Кәсіпкерлерге өтпелі кезеңді ресейлік серіктестермен өзара іс-қимыл тетіктерін реттеуге, логистикалық үдерістердің дайындығын тексеруге және Ресей нарығына тауарларды үздіксіз жеткізу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуді пысықтауға пайдалану ұсынылады.