Адами капиталды дамыту: ПМХЗ-да жаңа тәлімгерлер даярланды

01.06.2026
Адами капиталды дамыту: ПМХЗ-да жаңа тәлімгерлер даярланды

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда. Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі – өңір кәсіпорындары үшін тәлімгерлер даярлау. «Тәлімгерлік мектебі» жобасы аясында «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-нің 31 қызметкері кәсіби білімді беру, тиімді коммуникация орнату және жұмыс орнында жас мамандарды сүйемелдеу мәселелері бойынша оқытудан өтті.

 

Изображение

Оқытуды Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ажар Абылғазина, бөлім сарапшысы Ғалия Байғазинова және педагогика ғылымдарының кандидаты Дана Асакаева жүргізді. Қатысушыларға сертификаттарды Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам табыстады.

«Оқу барысында алған білімдеріңіз бен тәжірибелік құралдарыңыз жас мамандармен алдағы жұмыста үлкен көмек болады, тәлімгерлік қызметтің тиімділігін арттыруға және кәсіпорынның кадрлық әлеуетін дамытуға ықпал етеді деп сенемін», – деді ол.

Білікті тәлімгерлерді даярлау жас кадрлардың табысты бейімделуіне, кәсіби тәжірибенің сақталуына және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан адами капиталды дамыту «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Айта кету керек, «ПМХЗ» ЖШС базасында өткізілетін бұл оқыту бағдарламасы қатарынан екінші жыл ұйымдастырылып отыр. Бұл кәсіпорынның кадрлық әлеуетті дамытуға және тәлімгерлік институтын нығайтуға деген қызығушылығын айқын көрсетеді.