Ақтөбе облысы кәсіпкерлерінің 205 мәселесі Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінде қаралды
72 отырыс, бизнестің пайдасына шешілген 64 мәселе. Осындай нәтижемен Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесі мүшелері үш жылдық жұмысын қорытындылап отыр.
Кеңес 2023 жылғы 25 мамырда құрылған. Бастапқыда 16 мүшеден тұрған кеңес құрамы бүгінде 42 адамға дейін ұлғайды.
Салалық кеңес үш кіші сектордан тұрады: сауда; қаржылық қызметтер, қызмет көрсету және креативті индустрия.
Салалық кеңестер қызметі туралы ережеге сәйкес кеңес жұмысына талдау жүргізіліп, төрағаны қайта сайлау бойынша рәсімдік дауыс беру өтті. Көпшілік дауыспен бұрынғы төраға — Арман Жылгелді өз қызметінде қалдырылды. Оның салалық кеңес жұмысын жүргізудегі нәтижелілігі ерекше атап өтілді.
Кеңестің өткен жылғы қызметінің қорытындылары туралы айта келе, 2025 жылы Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесі 25 отырыс өткізіп, 64 мәселені қарастырғаны айтылды. Жалпы, үш жыл ішінде қаралған 204 мәселенің 64-і оң шешімін тапқан, 74 мәселе бақылауға алынған, 19 ұсыным берілген, ал 47 мәселе шешімді қажет етпейтін мәселелер қатарына енгізілген.
«Шешімін тапқан мәселелердің қатарында: шетелдік туристер үшін туристік алым мөлшерлемесін 0% деңгейінде бекіту, Арбат жаяу жүргіншілер аймағындағы автотұрақ орнын қоршау, футбол матчтары кезінде “Сарқыт” мейрамханасы жағынан темір қоршау орнату, Салық кодексін қабылдау мерзімдерін қайта қарауға жәрдем көрсету және тағы басқа мәселелер бар», — деп атап өтті салалық кеңестің үйлестірушісі Динара Смагулова.
Салалық кеңес мүшелеріне жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу, ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелер шеңберін айқындау, сондай-ақ жаңа пікірлес кәсіпкерлерді тарту мәселесін де назардан тыс қалдырмау ұсынылды.