Түркістанда саммитті ұйымдастыруға үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді
Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті – күллі түркі әлемінің рухани, мәдени және саяси байланысын нығайтқан тарихи маңызы зор халықаралық деңгейдегі айтулы іс-шара болды.
Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын қасиетті Түркістан төрінде өткен жоғары деңгейдегі жиын өңірдің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, оның инвестициялық, туристік және экономикалық әлеуетін жаңа деңгейде танытты. Саммит аясында Түркістан декларациясына қол қойылып, түркі халықтарының тарихи, мәдени және рухани сабақтастығын нығайтатын маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Сонымен қатар, түркі дүниесінің болашақтағы рухани және ғылыми ықпалдастығына жол ашатын Түркі өркениеті орталығының іргетасы қаланды.

Осы маңызды іс-шарадан кейін Түркістан қаласында облыстық Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтіп, жиын барысында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту, өндірісті әртараптандыру, импортты алмастыру және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Жиында облыс экономикасына жүргізілген кешенді талдау нәтижелері таныстырылып, әр аудан мен қаланың өндірістік әлеуеті, шикізат қоры, инвестициялық мүмкіндіктері мен жаңа өндіріс орындарын ашуға бағытталған нақты жобалар баяндалды. Бүгінде Түркістан облысында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда ондаған инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға негіз болуда.

Аталған маңызды жиынға Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Асылан Ибадуллаев қатысып, өңірдің кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға, инвестициялық жобаларды қолдауға және облыстың экономикалық дамуына бағытталған бастамалардың жүзеге асырылуына қолдау білдірді.

Осындай тарихи кезеңде елдік мүдде жолында жұмыла еңбек етіп жүрген азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігі – өңір дамуының басты кепілі. Бірлігі бекем, болашағы айқын Түркістанның мерейі әрдайым үстем болсын!