Халықаралық «Ғасырлық дәстүрлер» атты қолөнершілер фестивалінде Қызылордалық Марияш Альжанова «Үздік сырмақ» атанды

19.05.2026
Халықаралық «Ғасырлық дәстүрлер» атты қолөнершілер фестивалінде  Қызылордалық Марияш Альжанова «Үздік сырмақ» атанды

Шығыс Қазақстан облысында өткен Халықаралық «Ғасырлық дәстүрлер» атты қолөнершілер фестивалі ұлттық өнердің мерейін асқақтатқан тағылымды шараға айналды. Түрлі елдерден жиналған шеберлер ата-бабадан мирас болған өнердің тереңдігін, әр өрнектің астарындағы тарих пен рухани құндылықты паш етті. Осындай дүбірлі додада Қызылорда өңірінің намысын қорғаған Марияш Альжанова өзінің бірегей туындысымен көптің назарын аударып, алдыңғы қатардан көрінді.

Фестивальге Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Әзірбайжан, Моңғолия, Өзбекстан сынды елдерден келген барлығы сегіз мемлекеттің қолөнершілері қатысып, өзара шеберлік байқасты. Әрбір бұйым – тұтас бір халықтың мәдениеті мен дүниетанымынан сыр шерткендей әсер қалдырды. Солардың ішінде Марияш Альжанованың қолынан шыққан сырмақ нәзік нақышымен, үйлесімді бояуымен және дәстүрлі өрнектерді жаңаша үйлестіре білуімен ерекшеленіп, жоғары бағаланды.

Атамекен кәсіпкерлер палатасының «Бір ауыл – Бір өнім» жобасы аясында Қызылорда облысы бойынша 2023 жылғы жеңімпаз атанған шебер бұл жолы да өзінің кәсіби деңгейін дәлелдеп, «Үздік сырмақ» номинациясын иеленді. Бұл – тек жеке жетістік емес, Сыр өңіріндегі қолөнер дәстүрінің өміршеңдігін көрсететін айқын дәлел еді.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы номинацияны өз қолымен табыстап, шеберге жүрекжарды лебізін білдірді.

«Ата-бабамыздан аманат болып жеткен төл өнерімізді сақтап қана қоймай, оны заманауи сипатта дамытып, келер ұрпаққа насихаттап жүргеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздің еңбегіңіз – ұлттық рухтың жарқын көрінісі», – деді ол.

Марияш Альжанованың бұл жетістігі – ұлт мұрасын ұлықтаған өнер иелеріне көрсетілген құрмет қана емес, сонымен бірге қазақ қолөнерінің әлемдік деңгейде бағаланып келе жатқандығының айқын айғағы. Осындай шеберлердің арқасында дәстүр мен жаңашылдық үндесіп, халқымыздың бай мәдениеті жаңа белестерді бағындыра бермек.