Мемлекеттік органның әрекетсіздігі салдарынан ШҚО-дағы тасымалдаушының бизнесі тоқтау қаупіне ұшырады

02.06.2026
Мемлекеттік органның әрекетсіздігі салдарынан ШҚО-дағы тасымалдаушының бизнесі тоқтау қаупіне ұшырады

Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында жолаушылар тасымалы саласындағы кәсіпкер құқығының өрескел бұзылу фактісі қаралды.

Жеке кәсіпкер Татьяна Шевченко ұзақ жылдар бойы Шемонаиха ауданындағы тұрақты автобус бағыттарына қызмет көрсетіп келген. Алайда 2026 жылғы 17 сәуірде келісімшарттардың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін кәсіпкер іс жүзінде өз қызметін жалғастыру мүмкіндігінен айырылды.

Бұған жергілікті атқарушы органның заңнамада көзделген тікелей міндетін орындамауы, яғни маршруттарға қызмет көрсету құқығына конкурс жарияламауы себеп болған.

Мәселені қарау барысында анықталғандай, Шемонаиха ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі келісімшарттардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 60 күн бұрын конкурс жариялауға міндетті болған. Алайда бұл талап орындалмаған.

Нәтижесінде кәсіпкер құқықтық тұрғыдан тығырыққа тірелді: қолданыстағы келісімшарттардың мерзімі аяқталған, жаңа конкурс рәсімдері өткізілмеген, ал кәсіпкерлік қызметті заңды түрде жалғастыру мүмкіндігі күмән тудырып отыр.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Игорь Шацкий қалыптасқан жағдайды қатаң сынға алды.

«Бұл – мемлекеттік орган тарапынан әкімшілік кедергілер жасаудың классикалық мысалы. Заң конкурс өткізу тәртібі мен мерзімдерін нақты белгілейді. Уәкілетті орган өз міндеттерін орындамаған жағдайда оның салдарын кәсіпкер тартады. Адам қаржы салды, жұмысын ұйымдастырды, халыққа тасымалдау қызметін көрсетті, ал бүгін шенеуніктердің әрекетсіздігі салдарынан өз қызметін жалғастыру мүмкіндігінен айырылып отыр», – деді Игорь Шацкий.

Оның айтуынша, мұндай тәжірибе нақты бір кәсіпкердің ғана құқығын бұзып қоймай, адал бәсекелестік қағидаттарына да нұқсан келтіреді.

«Мемлекеттік орган өзінің әрекетсіздігі арқылы кәсіпкердің нарыққа қолжетімділігін шектеді. Бұдан бөлек, қалыптасқан жағдай бизнестің әрі қарай жұмыс істеуіне қауіп төндіріп отыр. Мұндай фактілерге жол беруге болмайды және оларға түбегейлі құқықтық баға берілуі тиіс. Егер заң конкурс өткізуді міндеттесе, ол кәсіпкер шығынға батып, белгісіздік жағдайына түскеннен кейін емес, заңда белгіленген мерзімде өткізілуі керек», – деп атап өтті Кеңес төрағасы.

Кеңес мүшелері кәсіпкердің ұстанымын қолдап, оның келтірген уәждерін негізді деп таныды.

Отырыс қорытындысы бойынша Шемонаиха ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне заң талаптарына сәйкес тұрақты маршруттарға қызмет көрсету құқығына конкурс рәсімдерін шұғыл түрде ұйымдастырып, өткізу ұсынылды.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына аталған фактілер бойынша тексеру жүргізіп, тиісті ден қою шараларын қабылдау, анықталған заң бұзушылықтарды жою және кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарау ұсынылды.