Қарағандыда «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде 50-ден астам өндіруші өз өнімдерін ұсынады

02.06.2026
Қарағандыда «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде 50-ден астам өндіруші өз өнімдерін ұсынады

4 маусым күні Қарағанды қаласында «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрмесі өтеді. Іс-шараға Қарағанды облысының түкпір-түкпірінен келген 50-ден астам өндіруші қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынады. Келушілер жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерімен танысып, олардың дәмін татып, тікелей өндірушілерден сатып ала алады.

Көрмеде табиғи азық-түлік өнімдері, сүт өнімдері, нан-тоқаш өнімдері, қолөнер бұйымдары, кәдесыйлар, жергілікті шикізаттан жасалған тауарлар мен өңірлік брендтердің өнімдері ұсынылады.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – жергілікті брендтерді дамыту, шағын және микро бизнесті қолдау, сондай-ақ ауылдық жерлердегі кәсіпкерлердің өнімдерін кеңінен таныту.

Жоба аясында үздік қатысушылар анықталып, олардың үшеуі Қарағанды облысының атынан республикалық кезеңге жолдама алады. Жеңімпаздарға өндірісті кеңейту, өнімді өткізу нарықтарын ұлғайту, тауарлық белгілерді әзірлеу, сапа стандарттарын енгізу және қажет болған жағдайда экспортқа шығу бағыттары бойынша қолдау көрсетіледі.

«Жеңімпаздардың әкім гранттары конкурсына қатысуға мүмкіндігі болады. Сонымен қатар ОСОП финалистері республикалық және халықаралық көрмелерге қатысуға шақырылуы мүмкін. Бұл олардың өнімдерін шетелдік нарықтарға шығаруға жол ашады», – дейді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

Қолдау тек жеңімпаздарға ғана көрсетілмейді. Палата жобаға қатысушыларды әрі қарай сүйемелдеп, консультациялық көмек пен кәсіпкерлікті дамыту бойынша қажетті қолдау көрсетуді жалғастырады.

Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін ашу, өз ісін дамытуға мүмкіндік беру және ұлттық құндылықтарды, дәстүрлер мен өңірдің ерекшеліктерін дәріптейтін сапалы жергілікті өнімдердің пайда болуына ықпал ету.

Күні: 4 маусым 2026 жыл
Уақыты: 09:00
Өтетін орны: Қарағанды қаласы, Тәттімбет көшесі, 709, 2-қабат

Кіру тегін.