Қазақстан мен Гонконг серіктестік көкжиегін кеңейтуде: «Атамекен» ҰКП инвестиция және сауда саласындағы бес жетекші қауымдастықпен стратегиялық меморандумдарға қол қойды

02.06.2026
Қазақстан мен Гонконг серіктестік көкжиегін кеңейтуде: «Атамекен» ҰКП инвестиция және сауда саласындағы бес жетекші қауымдастықпен стратегиялық меморандумдарға қол қойды

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданы арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған ауқымды екіжақты іс-шаралар кешені өтті.

Күннің басты оқиғаларының қатарында жоғары деңгейдегі жабық сессия мен ауқымды іскерлік кездесу болды. Іс-шара аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Гонконгтың жетекші іскерлік қауымдастықтары мен мемлекеттік құрылымдарымен ынтымақтастық туралы бес маңызды меморандумға қол қойды.

Изображение

Жоғары деңгейдегі экономикалық диалог

Алдымен Гонконг сауданы дамыту кеңесінің (HKTDC) атқарушы директоры София Чонгтың модераторлығымен шағын құрамда пікір алмасу сессиясы өтті. Талқылауға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев және ресми делегация құрамында келген Гонконг іскерлік ортасының өкілдері қатысты. Тараптар бірлескен жобаларды дамыту бағыттарын айқындап, шетелдік инвестицияларды қорғау және ынталандыру тетіктерін талқылады.

Изображение

 

Изображение

 

Изображение

Диалогтың жалғасы ретінде мемлекеттік органдардың, ірі бизнестің және қаржы институттарының шамамен 300 өкілін біріктірген кең ауқымды іскерлік кездесу өтті.

Қатысушылар алдында Гонконг сауданы дамыту кеңесінің төрағасы Фредерик Ма, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Ли құттықтау сөз сөйледі.

Изображение

Өз сөзінде Джон Ли гонконгтық делегацияның сапарын ұйымдастыруда көрсеткен қолдауы және екіжақты іскерлік байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ерекше алғыс білдірді. Ол Палатаны өңірдегі ұзақмерзімді коммерциялық байланыстарды дамытудағы сенімді серіктес ретінде бағалайтынын атап өтті.

Ұзақ мерзімді серіктестікке бастар 5 қадам

Изображение

Ресми бағдарламаның негізгі кезеңі ретінде Ұлттық палата Гонконгтың жетекші ұйымдарымен бес стратегиялық өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Атап айтқанда, келісімдер Invest Hong Kong (InvestHK), Hong Kong Trade Development Council (HKTDC), Hong Kong General Chamber of Commerce (HKGCC), The Chinese Manufacturers' Association of Hong Kong (CMA) және Belt and Road General Chamber of Commerce (BRGCC) ұйымдарымен жасалды. Қол қойылған құжаттар Қазақстан мен Гонконг арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуға, инвестициялық мүмкіндіктерді бірлесіп іздеуге, үздік тәжірибелермен алмасуға, сондай-ақ екі ел кәсіпорындары арасында тікелей коммерциялық байланыстар орнатуға және ортақ іскерлік іс-шаралар өткізуге бағытталған.

Бұл келісімдер қазақстандық бизнестің азиялық нарықтарға шығуын едәуір жеңілдетіп, Гонконг инвестицияларын Қазақстан экономикасының нақты секторына тарту мақсатында тікелей арналарды ашуға мүмкіндік береді.

Ауқымды іс-шара іскерлік нетворкинг сессиясымен аяқталып, онда екі ел кәсіпкерлері нақты коммерциялық келісімдерді талқылады.