Ақтөбелік кәсіпкерлер жүк тасымалы саласында электрондық жол парақтары мен ТКЖ енгізілуіне алаңдаулы

03.06.2026
Ақтөбелік кәсіпкерлер жүк тасымалы саласында электрондық жол парақтары мен ТКЖ енгізілуіне алаңдаулы

Бүгін өңірдің көлік-логистика саласындағы кәсіпкерлер тобы өздерін алаңдатқан мәселемен Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Палата алаңында жүк тасымалдаушылармен жедел кездесу өтіп, ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап күшіне енген жаңа талаптар талқыланды.

Осы күннен бастап жүк көтерімділігі 3,5 тоннадан асатын көлік құралдарын басқаратын жүк тасымалдаушылар үшін тауар-көлік жүкқұжаттарын (ТКЖ) және жол парақтарын нақты уақыт режимінде КҚББЖ (Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі) электрондық жүйесінде міндетті түрде тіркеу талабы енгізілді. Аталған нормалар Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің 2021 жылғы мамырда қабылданған №258 бұйрығымен реттеледі. Алайда оны енгізу техникалық базаны жетілдіру қажеттілігіне байланысты бірнеше рет кейінге қалдырылған болатын.

Жағдайға байланысты пікір білдірген Палатаның құқықтық мәселелер жөніндегі директор орынбасары Руслан Куйшинов кәсіпкерлермен тікелей кездесіп, олардың ұстанымдарын тыңдады. – «Жүк тасымалдаушылардың пікірін тыңдай отырып, бүгінгі таңда бизнестің бұл жаңашылдықтарға техникалық тұрғыдан дайын емес екеніне көз жеткіздік. Логистер, заңгерлер және медицина қызметкерлері бар ірі компаниялар бұл талаптарды белгілі бір деңгейде орындай алады. Ал шағын жеке кәсіпкерлерде мұндай мамандар жоқ. Соның салдарынан көлік құралдарының бос тұрып қалу жағдайлары туындайды. Біз көтерілген барлық өзекті және проблемалық мәселелерді тіркеп, оларды орталық аппаратқа және логистика мен тасымалдар департаментіне жолдадық. Жақын арада Палата алаңында көлік прокуратурасы, Мемлекеттік кірістер департаменті, Көлік комитеті, «Атамекен» ҰКП және өңірлік көліктік бақылау инспекциясы өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Руслан Куйшинов.

Изображение

Жүргізушілер үшін негізгі түйткілдің бірі – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес рейс алдындағы міндетті медициналық тексеруден өту талабы. Дәрігердің белгісі болмаса, жол парағын жүйеде электрондық форматта рәсімдеу мүмкін емес.

Кездесуге жедел диалог орнату мақсатында өңірлік көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Аскербек Сисенгалиев те қатысып, бақылаушы орган тарапынан туындап отырған техникалық қиындықтарға тоқталды. – «Бізге күн сайын жүк тасымалдаушылардан қоңыраулар түседі. Негізгі қиындықтар ТКЖ толтыруға, құжаттарға қол қоюға және оларды медицина қызметкерлеріне келісуге жіберуге байланысты болып отыр. Жүргізушілер көтеріп отырған басты мәселе – карьерлерде және жүк тиеу орындарында қарапайым интернет желісінің болмауы. Бақылаушы орган ретінде Автомобиль көлігі комитеті әзірлеген жүйеге өзгерістер енгізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдіре алмаймыз. Уақыт өте келе бағдарлама жетілдірілуі мүмкін. Сонымен қатар, жүк тасымалдау қағидаларына сәйкес ТКЖ бұрынғыдай электрондық форматта да, қағаз түрінде төрт дана етіп те рәсімделе алады. Алайда ТКЖ-ның болмауы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады», – деді Аскербек Сисенгалиев.

Изображение

Кәсіпкерлер палатасы аталған жағдайды бақылауда ұстап отыр және жергілікті бизнестің құқықтарын қорғау мақсатында реттеуші тетіктерді оңтайландыру бойынша ұсыныстар әзірлеуде. Жақын уақытта Көлік және логистика салалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді.

ИзображениеИзображение