Қателікке жол бермейтін цифрландыру: жаңа жүйе Қазақстан бойынша бизнестің жұмысын тежей бастады

03.06.2026
Қателікке жол бермейтін цифрландыру: жаңа жүйе Қазақстан бойынша бизнестің жұмысын тежей бастады

Осыдан бір ай бұрын ШҚО Кәсіпкерлер палатасының алаңында бизнес өкілдері Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін (ЕСУТЖ) қазіргі күйінде іске қосу кәсіпкерлер үшін елеулі мәселелер туындатуы мүмкін екенін ашық айтқан болатын. Сол кезде мемлекеттік органдардың өкілдері жүйе жетілдірілетінін, ал туындаған мәселелер жұмыс тәртібімен шешілетінін мәлімдеген еді.

Бір ай өтті. Жүйе іске қосылғанына небәрі бірнеше күн болса да, бизнес қауымдастығының алаңдаушылығы іс жүзінде растала бастады.

Кәсіпкерлер көптеген техникалық және ұйымдастырушылық қиындықтар туралы хабарлауда. Ал өңірлерде жаңа цифрлық платформа арқылы құжаттарды рәсімдеуге байланысты көлік құралдарының тоқтатылу фактілері тіркеліп жатыр.

Сонымен қатар, ЕСУТЖ-ны енгізудің салдары жүк тасымалдау саласымен ғана шектелмейтіні белгілі болды. Егер бұған дейін жаңашылдық көлік компанияларына арналған құрал ретінде ұсынылса, енді жүйенің ықпалы елдегі бизнестің басым бөлігіне – саудадан бастап ауыл шаруашылығына дейін таралатыны анықталып отыр.

Бұл жағдай әсіресе сауда саласы өкілдерінің алаңдаушылығын туғызуда.

«Енді сауда саласындағы кәсіпкерлер де тауарды қабылдағанын растау үшін жүйеде тіркелуі тиіс. Бірақ мұны кім істеуі керек деген қарапайым сұрақ туындайды. Күні бойы сатып алушыларға қызмет көрсететін сатушы ма? Әлде дүкенде болмауы мүмкін және нақты қандай тауар жеткізілгенін көрмеген дүкен иесі ме?» – деп наразылығын білдірді ШҚО Сауда кәсіпкерлері қауымдастығының жетекшісі Владимир Бердник.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жаңа жүйе бизнес-процестерді жеңілдетудің орнына мыңдаған шағын және орта бизнес субъектілеріне қосымша әкімшілік жүктеме түсіру қаупін туғызып отыр.

Аграрлық сектор өкілдерінің де сұрақтары аз емес.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, «Ауыл» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Фарид Абитаев жүйе әзірлеушілері ауыл шаруашылығы өндірісінің ерекшеліктерін ескермегенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін жөнелткен кезде біз нақты салмақты көрсетеміз. Алайда зауыттағы зертханалық талдаудан кейін есептік салмақ анықталады, төлем де, электрондық шот-фактуралар да сол салмақ бойынша рәсімделеді. Ал тауар-көлік жүкқұжаты әлдеқашан толтырылған және оған өзгеріс енгізу мүмкін емес. Соның салдарынан құжаттар арасында елеулі сәйкессіздіктер туындайды», – деді ол.

Аграрлық сектор үшін мұндай жағдай тек техникалық қолайсыздық қана емес, сонымен қатар бақылаушы органдар тарапынан талап-шағымдардың туындау қаупі мен қосымша қаржылық шығындарға алып келуі мүмкін.

Кәсіпкерлер арасында: «Жүйенің өзі толыққанды жұмысқа дайын болмай тұрып, неге бизнес ауқымды эксперименттің қатысушысына айналуы тиіс?» деген сұрақ жиі қойылуда.

Бұл мәселе әлдеқашан өңірлік деңгейден шығып кеткен. Қазақстанның түрлі облыстарынан осындай дабылдар түсіп жатыр. Бизнес қауымдастығы цифрландырудың қажеттілігін мойындайды, алайда кез келген цифрлық шешімдерді енгізу кәсіпорындардың жұмысына қауіп төндірмей және жүйенің жетілмегендігінен туындаған қателіктер үшін айыппұл санкцияларын қолданбай жүзеге асырылуы тиіс деп санайды.

Шығыс Қазақстан облысы жағдайды тұрақтандыруға және кәсіпкерлер үшін жаппай қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік беретін нақты ұсыныстар енгізуде.

Біріншіден, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін толыққанды өтпелі кезең белгілеу қажет. Осы кезеңде электрондық құжаттармен қатар қағаз құжаттарды да қолдануға мүмкіндік берілуі тиіс.

Екіншіден, жаңа жүйеге бейімделу кезеңінде кәсіпкерлерге айыппұл санкцияларын қолданбау туралы Көлік министрлігі, Ішкі істер министрлігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында меморандум жасалуы қажет.

Үшіншіден, бизнес үшін негізгі талаптардың бірі – тауар-көлік жүкқұжатын рәсімделгеннен кейін жеті күн ішінде түзету мүмкіндігін енгізу. Мұндай тетік болмаса, көптеген шаруашылық операциялар, әсіресе аграрлық секторда, нақты бизнес-процестердің логикасына сәйкес келмей қалады.

Цифрландыру кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуі тиіс, жаңа кедергілер туғызбауы керек. Әйтпесе күтілген нәтижеге қол жеткізудің орнына мемлекет бизнестің жаппай наразылығына тап болуы мүмкін. Өйткені жүйедегі әрбір қателік көліктің тоқтауына, қаржылық шығындарға және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі ықтимал.

Ал әзірге кәсіпкерлер орынды сұрақ қойып отыр: егер жүйе экономиканың нақты процестерін ескеруге әлі дайын болмаса, оның кемшіліктері үшін неге бизнес жауап беруі керек?