Сот мәмілені қандай жағдайларда жарамсыз деп тануы мүмкін?

04.06.2026
Сот мәмілені қандай жағдайларда жарамсыз деп тануы мүмкін?

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы мен ШҚО Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьялары бірлесіп жүзеге асырып жатқан кезекті «Сіздің құқығыңыз» жобасы аясында судья Наталия Алехина кәсіпкерлерге мәмілелерді жарамсыз деп танудың негіздері туралы айтып берді.

Судьяның айтуынша, заңнамада мәмілені сот тәртібімен даулау мүмкін болатын бірқатар жағдайлар көзделген.

Мәміле мынадай жағдайларда жарамсыз деп танылуы мүмкін:

🔹 оның талаптары немесе бағасы ұқсас мәмілелермен салыстырғанда тараптардың бірінің жағдайын едәуір нашарлатса;

🔹 ол ұйым қызметінің түрлеріне немесе заңнама талаптарына сәйкес келмесе не өкілеттіктерді асыра пайдалану арқылы жасалса;

🔹 мүлік өтеусіз немесе нарықтық бағадан едәуір төмен бағамен беріліп, борышкердің мүдделеріне зиян келтірсе;

🔹 банкроттық рәсімі қарсаңында жасалған мәміле кейбір кредиторлардың талаптарын басқаларға қарағанда басым түрде қанағаттандыруға алып келсе;

🔹 сөз борышкердің мүлкін сыйға тарту туралы шарт жөнінде болып, ол әдеттегі шаруашылық қызметтен елеулі түрде ерекшеленсе;

 🔹 мәміле нақты құқықтық салдар туындату ниетінсіз жасалып, кредиторлардың мүдделерін бұзса.

Наталия Алехина сондай-ақ мәміле жарамсыз деп танылған жағдайда тараптар сол мәміле бойынша алғандарының барлығын қайтаруға міндетті екенін, ал қайтару мүмкін болмаған жағдайда оның құнын ақшалай түрде өтеуі тиіс екенін атап өтті.

«Сіздің құқығыңыз» жобасы кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және сот тәжірибесіндегі өзекті мәселелерді түсіндіруге бағытталған.