Ауылдан үлкен нарыққа: Қарағандыда «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде 50-ден астам өндіруші өз өнімдерін таныстырды

04.06.2026
Ауылдан үлкен нарыққа: Қарағандыда «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде 50-ден астам өндіруші өз өнімдерін таныстырды

Қарағандыда өткен «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрмесінде жергілікті кәсіпкерлер табиғи ірімшіктер мен сүт өнімдерін, киіз және былғарыдан жасалған бұйымдарды, авторлық косметика мен қолөнер туындыларын және өзге де отандық өнімдерді көпшілік назарына ұсынды. Бір алаңда Қарағанды облысының қала-аудандарынан келген 50-ден астам кәсіпкер бас қосып, жергілікті шикізаттан өндірілген өнімдерін таныстырып, өз кәсіптерінің қалыптасу тарихымен бөлісті.

Көрме Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» жүзеге асырып келе жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік кезеңін қорытындылады. Жобаның негізгі мақсаты – шағын және микро кәсіпкерлікті қолдау, өңірлік брендтерді дамыту және жергілікті шикізат негізінде бәсекеге қабілетті өнім шығаруға жағдай жасау.

Көрме қонақтары кәсіпкерлердің өнімдерімен танысып қана қоймай, олардың дәмін татып көріп, өндірушілермен тікелей тілдесіп, ұнаған тауарларын сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Көрмедегі әрбір өнімнің артында табандылық пен еңбектің, ізденіс пен кәсіпкерлік бастаманың өзіндік тарихы тұр. Бірі ұлттық мұраны сақтап, оны заман талабына бейімдесе, енді бірі жаңа технологияларды енгізіп, өндірісін дамытып келеді.

Солардың бірі – Ақтоғай ауданынан келген «Қызыларай» бренді негізін қалаған Жаннұр Төлеубаева. Мамандығы бойынша филолог болған кәсіпкер бүгінде ұлттық қолөнерді дамытуға ден қойып, табиғи жүн мен киізден сырмақ, текемет және басқа да бұйымдар дайындайды. Алдағы уақытта ол туған ауданында жүн өңдейтін толыққанды цех ашуды жоспарлап отыр.

Осакаров ауданындағы «Достық» шаруа қожалығының жетекшісі Шолпаной Турдышева да ауыл кәсіпкерлігінің табысты үлгісін көрсетіп келеді. Кезінде ескі терезе жақтауларынан жасалған шағын жылыжайдан басталған іс бүгінде жалпы аумағы 1600 шаршы метр болатын заманауи жылыжай кешеніне айналған. Қазір шаруашылық көкөніс өсірумен қатар табиғи консервіленген өнімдер шығаруды да жолға қойған.

Ал Шет ауданындағы «Шерхан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі Сайран Дүйсембаев жергілікті мал шаруашылығын заманауи ірімшік өндіру технологияларымен ұштастыра білді. Ол еуропалық және грузиялық тәжірибелерді меңгеріп, жергілікті сүттен моцарелла мен сулугуни секілді табиғи ірімшіктер өндіруді қолға алған.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы Қарағанды облысында бірнеше жылдан бері табысты жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде көрмелерге өңірдің 100-ден астам тұрғыны қатысып, 10 кәсіпкер жеңімпаз атанса, олардың алтауы мемлекеттік грант иегері болды. Бүгінде жоба қатысушыларының өнімдері өңірлік нарықпен ғана шектелмей, республикалық және халықаралық деңгейде танылып келеді.

Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов жобаның кәсіпкерлерге өз өнімдерін танытып қана қоймай, бизнесті дамытуға қажетті нақты құралдар ұсынатынын атап өтті.

— Жеңімпаздарға өндірісті кеңейту, өнімді өткізу нарығын ұлғайту, тауарлық белгілерді әзірлеу, сапа стандарттарын енгізу және қажет болған жағдайда экспортқа шығу бағыттары бойынша қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар кәсіпкерлер өндірістік технологиялар бойынша оқытылып, өнімдерін ілгерілетуге қажетті жан-жақты көмек алады. Үздік үш қатысушы Қарағанды облысының атынан республикалық кезеңге қатысады, — деді Ернар Күлпейісов.

Оның айтуынша, жеңімпаздар әкім гранттарына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ жоба финалистері республикалық және халықаралық көрмелерге шақырылып, жаңа нарықтарға шығуға жол ашады.

Қолдау тек жеңімпаздарға ғана көрсетілмейді. Кәсіпкерлер палатасы жобаға қатысушыларды одан әрі сүйемелдеп, консультациялық және сараптамалық көмек көрсетуді жалғастырады.

Жобаның нәтижелері бүгінде халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. Бұған дейінгі жылдардың финалистері өз өнімдерін шетелдік нарықтарда таныстырып келеді. Мәселен, керамика шебері Гүлжан Әбдіқашева өз жұмыстарын Жапония, Қытай, Ресей және Түркияда таныстырса, киіз бұйымдарын өндіруші Гүлпахат Құттыбаева Түркия, Германия, Польша және Францияда танымал бола бастады. Ал Дәмелі Ермекованың киізден жасалған шығармашылық жиынтықтары Иордания, Германия, Канада және АҚШ елдеріне жол тартқан.

Бүгінде «Бір ауыл – бір өнім» тек көрме ғана емес. Бұл – қолөнерді немесе отбасылық кәсіпті танымал брендке айналдыруға, жаңа нарықтарға шығуға және жергілікті өнімнің әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік беретін тиімді алаң. Сондықтан жоба жыл сайын өз ісін туған жерінде дамытқысы келетін кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырып келеді.