Ақмола кәсіпкерлері КҚББЖ-ны міндетті енгізуге дайын еместігін мәлімдеуде

04.06.2026
Ақмола кәсіпкерлері КҚББЖ-ны міндетті енгізуге дайын еместігін мәлімдеуде

Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін (КҚББЖ) міндетті түрде енгізу мәселесі тек Ақмола облысының ғана емес, бүкіл ел кәсіпкерлерінің алаңдаушылығын туғызып отыр. Көлік-логистика саласының өкілдері, өндірістік кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жаңа жүйеге көшу бірқатар шешімін таппаған техникалық және ұйымдастырушылық мәселелермен қатар жүріп жатқанын айтуда.

2026 жылғы 1 маусымнан бастап тасымалдаушылар, жүк жөнелтушілер мен жүк алушылар үшін, оның ішінде салмағы 3,5 тоннадан асатын көлік құралдарымен жүк тасымалдайтын субъектілерге жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттарын КҚББЖ арқылы электронды форматта рәсімдеу міндетті болды. Алайда бизнес өкілдерінің пікірінше, сала мұндай ауқымды цифрлық өзгерістерге әлі толық дайын емес.

Кәсіпкерлер ең алдымен жүйенің техникалық дайындығына қатысты мәселелерді көтеруде. Олардың айтуынша, платформаның жұмысындағы ақаулар жүк жеткізудің кешігуіне, көлік жұмысының тоқтап қалуына және өндірістік процестердің бұзылуына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, КҚББЖ бүгінгі күнге дейін кеңінен қолданылатын 1С, ERP, WMS және өзге де корпоративтік есеп жүйелерімен толық интеграцияланбаған. Соның салдарынан кәсіпорындар ақпаратты бірнеше рет қолмен енгізуге мәжбүр болып, бұл қосымша уақыт пен ресурстарды талап етеді.

Ауылдық елді мекендерде, шалғай өндірістік нысандарда және автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерінде интернет байланысының тұрақсыздығы да кәсіпкерлер үшін өзекті мәселеге айналған. Бұған қоса, байланыс болмаған жағдайда немесе жүйеде техникалық ақаулар туындаған кезде жұмыс істеу тәртібі әлі толық айқындалмаған.

Жаңа талаптардың әсерін күн сайын ондаған, тіпті жүздеген құжат рәсімдейтін ірі кәсіпорындар, логистикалық компаниялар мен тасымалдаушылар ерекше сезінуде. Нарық қатысушыларының пікірінше, цифрландыру бизнес-процестерді жеңілдетуі тиіс, алайда қазіргі жағдайда кәсіпкерлер қосымша рәсімдер мен техникалық шектеулерге бейімделуге мәжбүр.

Жүйе іске қосылғаннан кейін кәсіпкерлер қандай қиындықтарға тап болғаны жөнінде «Агроглобал» ЖШС директоры Ольга Липень айтып берді.

«КҚББЖ арқылы құжаттарды міндетті рәсімдеу енгізілгеннен кейін көптеген тасымалдаушылар жаңа жүйемен қалай жұмыс істеу керектігін түсінбей отыр. Мәселен, 1 маусымның өзінде көлік табу қиынға соқты, себебі адамдар құжаттарды қалай рәсімдеу қажеттігін білмеді. Көптеген тасымалдаушыларда бір адам әрі кәсіпорын басшысы, әрі жүргізуші қызметін қатар атқарады. Енді ол цифрлық жүйені меңгеріп, электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) жұмыс істеп, құжаттарды бірнеше кезең бойынша рәсімдеуі қажет. Бұрын жүкті жеткізіп, құжаттарға қол қою жеткілікті болатын. Бұл ретте толыққанды оқыту жүргізілген жоқ. Жүйе жиі тұрып қалады, техникалық қолдау қызметі әрдайым жедел көмек көрсете бермейді, ал ауылдық жерлерде байланыс пен интернеттің тұрақсыздығы жағдайды одан әрі қиындатады. Техникалық сипаттағы мәселелер де бар. Мысалы, біздің өнім литрмен есептеледі, ал жүйе тек килограмммен жұмыс істеуді қарастырады. Көлемді салмаққа қалай және қандай коэффициенттер арқылы аудару керектігі түсіндірілмеген. Соның салдарынан кәсіпорындар қосымша уақыт жоғалтып, құжаттардағы қателіктер мен сәйкессіздіктер қаупі артады. Қазіргі күйінде КҚББЖ енгізу тасымалдаушылардың шығындарының өсуіне, логистикалық тізбектердегі іркілістерге және кәсіпорындар жұмысының күрделенуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан бүгінде бизнесте жауаптан гөрі сұрақ көп», – дейді Ольга Липень.

Халықаралық тасымалдарға қатысты да көптеген сұрақтар туындауда. Бизнес өкілдері халықаралық және транзиттік тасымалдар кезінде КҚББЖ қолдану тәртібіне, резидент емес тасымалдаушылардың жұмысына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде электрондық құжаттарды өзара тану мәселелеріне, тартқыш ауыстырылған жағдайда, жүкті қайта тиеу кезінде және шетелдік көлік құралдарын пайдалану барысында құжаттарды рәсімдеу тәртібіне қатысты түсіндірулер күтуде.

«Электрондық көлік құжаттары саласындағы талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейтін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 571-1-бабын қолдану алаңдаушылық туғызады. Бизнес өкілдерінің пікірінше, жүйе техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан толық дайын болмай тұрып айыппұл санкцияларын қолдану ерте», – дейді Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов.

Сала өкілдері бір жылға дейінгі өтпелі кезең енгізуді, бейімделу кезеңінде айыппұлдың орнына ескерту қолдануды, жүйенің офлайн режімін іске қосуды және КҚББЖ-ны бизнес қауымдастықтың қатысуымен қосымша тестілеуден өткізуді ұсынып отыр.

Кәсіпкерлер көтерілген мәселелерді назарға алып, бизнес ұсынған бастамаларды қолдауды сұрайды. Ақмола кәсіпкерлері тарапынан айтылған ұсыныстар одан әрі қарау және мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтау үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» Орталық аппаратына жолданатын болады.