«Атамекен» ҰКП: КҚББЖ-ны енгізу кезінде нақты бизнес-процестерді ескеру және кәсіпкерлерді кезең-кезеңімен бейімдеу қажет

05.06.2026
«Атамекен» ҰКП: КҚББЖ-ны енгізу кезінде нақты бизнес-процестерді ескеру және кәсіпкерлерді кезең-кезеңімен бейімдеу қажет

2026 жылдың 3 маусымында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында ҚР Көлік министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Өңірлік кәсіпкерлер палаталары, салалық қауымдастықтар, тасымалдаушылар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, құрылыс секторы, сауда, коммуналдық және қызмет көрсетуші ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Көліктік құжаттарды басқарудың бірыңғай жүйесін (КҚББЖ) енгізу мәселелері бойынша кеңес өтті.

Талқылауға КҚББЖ-ны міндетті қолданудың басталуына және көлік құжаттарын электрондық форматта тіркеуге көшуге байланысты «Атамекен» ҰКП мен Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына бизнестен түскен көптеген өтініштер себеп болды.

Кеңес жұмысына еліміздің өңірлерінен 300-ден астам бизнес өкілі қатысты. Талқылау барысында кәсіпкерлер тарапынан КҚББЖ-ны іс жүзінде қолдану, көлік құжаттарын рәсімдеу және тіркеу тәртібі, рейс алдындағы медициналық тексеруден өту, шаруашылықішілік тасымалдар, сондай-ақ жүйенің жұмыс істеуінің техникалық аспектілеріне қатысты 100-ден астам сұрақ қойылды.

Изображение

Жиын барысында бизнес өкілдері көлік саласын цифрландыру қажетті әрі заңды үрдіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, жаңа міндетті талаптарды енгізу жүйенің нақты дайындығын, экономиканың жекелеген салаларының ерекшеліктерін және тасымалдауды жүзеге асырудың шынайы жағдайларын ескере отырып жүргізілуге тиіс.

Ауыл шаруашылығы, құрылыс саласы және саудада КҚББЖ-ның жұмыс істеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бизнес өкілдері маусымдық дала жұмыстары, өнім жинау науқаны кезінде, астық, мал азығы, инертті материалдарды тасымалдауда, сондай-ақ өндірісішілік жүк тасымалы кезінде өндірістік және логистикалық процестер көп жағдайда тәулік бойы жүргізілетінін және жедел шешім қабылдауды талап ететінін алға тартты.

Атап айтқанда, «Комсомол» ЖШС директоры Виталий Волынец егін жинау кезеңінде көліктер астықты алқаптардан уақытша сақтау және жинақтау орындарына жеткізу үшін үздіксіз режимде жұмылдырылатынын атап өтті. Осыған ұқсас мәселелерді құм, қиыршық тас және өзге де құрылыс материалдарын тасымалдауды жүзеге асыратын құрылыс саласы кәсіпорындарының өкілдері, сондай-ақ сауда субъектілері де көтерді.

Бұған қоса, тиісті нормативтік талаптардың 2021 жылдан бастап бар екендігіне қарамастан, кәсіпкерлер арасында жүйелі және кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары іс жүзінде жүргізілмегені, салдарынан нарық қатысушыларының басым бөлігінің КҚББЖ-ны нақты қолдану тәртібі туралы хабардарлығының төмен болуына әкеп соққаны ерекше аталды.

Изображение

Сондай-ақ, кеңеске қатысушылар кәсіпкерлерді кеңінен тарта отырып, жүйені пилоттық енгізу жұмыстарының жүргізілмегеніне назар аударды. Бұл ретте, ҚР-ның «Құқықтық актілер туралы» Заңында кәсіпкерлік қызметті реттеу саласында пилоттық жобаларды жүргізу оларды іске асыру шарттарын тиісті нормативтік бекітуді талап ететіні, ал бизнестің мұндай жобаларға қатысуы тек ерікті түрде ғана жүзеге асырылатыны көзделген.

Талқылау барысында Көлік министрлігінің өкілдері бизнестің бұған дейін түскен ескертулерін ескере отырып, КҚББЖ функцияларына толықтырулар енгізілгенін хабарлады. Атап айтқанда, жол парақтары мен көліктердің нөмірлерін, құжаттардың мәртебесін көрсету және деректерді сүзгілеу (фильтрация) тетіктері іске асырылды, жол парағындағы бағытты түзету мүмкіндігі қамтамасыз етілді, сондай-ақ жеке кәсіпкер бір тұлға болған жағдайда оны бір уақытта бизнес иесі және жүргізуші ретінде тіркеу мүмкіндігі қаралды.

Көлік министрлігінің мәліметінше, кеңес барысында түскен қосымша ескертулер мен ұсыныстар жұмысқа қабылданып, таяу арада қаралатын болады.

Кездесу барысында Көлік министрлігі электрондық көлік құжаттарын міндетті қолдану саласына қатысты түсініктеме берді. КҚББЖ-ны ұйымдастыру және пайдаланудың қолданыстағы қағидаларына сәйкес, электрондық тауар-көлік жүкқұжатын (ЭТКЖ) міндетті түрде рәсімдеу N3 санатындағы автокөлік құралдарына (техникалық жағынан рұқсат етілген ең жоғары салмағы 12 тоннадан асатын) таралады, ал жол парақтарын тіркеу N3, M2 және M3 санаттарындағы (8-ден астам жолаушылар отыратын орны бар автобустар) көлік құралдары үшін қарастырылған.

Изображение

Сондай-ақ, аталған министрлік өкілдері Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларының жекелеген ережелерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіру ниеті туралы хабарлады. Қазір  аталған Қағидаларда салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктері үшін құжаттарды тіркеу туралы нормалар бар, бұл бизнес өкілдері арасында қолданыстағы талаптарды біркелкі түсіну мен қолдануға қатысты сұрақтар туғызып отыр.

Сұрақтардың жеке бір блогы шаруашылықішілік тасымалдарға арналды. Көлік министрлігінің өкілдері Қағидалардың талаптары кәсіпорын аумағының ішінде, жалпы пайдаланымдағы жолдарға шықпай, жеке қажеттілік үшін жүзеге асырылатын технологиялық шаруашылықішілік тасымалдарға таралмайтынын растады.

Сонымен қатар, аграрлық сектор, құрылыс компаниялары және өзге де салалардың өкілдері іс жүзінде өнімді алқаптар, өндірістік алаңдар, қоймалар мен сақтау орындары арасында тасымалдау кезінде де жиі жалпы пайдаланымдағы жолдар мен елді мекендердің көшелерін қиып өту қажеттілігі туындайтынын көрсетті. Осыған байланысты Көлік министрлігі қолданыстағы реттеуді жетілдіру бойынша бизнестің ұсыныстарын қарастыруға дайын екендігін білдірді.

Жүргізушілердің рейс алдындағы міндетті медициналық тексеруден өту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық тексерулер денсаулық сақтау саласындағы қолданыстағы заңнамамен реттелетінін және лицензияланатын қызмет түрлеріне жататынын түсіндірді. Медициналық тексерулер тиісті лицензиясы бар медициналық ұйымдармен жүзеге асырылады, бұл ретте бұл қызметтің құны мемлекет тарапынан реттелмейді.

Талқылау қорытындысы бойынша бизнес өкілдері медициналық тексерулерден өтудің міндеттілігіне байланысты тасымалдаушыларда, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде қосымша қаржылық шығындар туындайтынына назар аударды. Кеңеске қатысушылар жұмыс берушілер мен қызметкерлердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысуын ескере отырып, рейс алдындағы медициналық тексеруден өту шығындарын өтеу немесе қолжетімділігі мәселесін заңнамалық реттеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Изображение

Сондай-ақ, Көлік министрлігі өңіраралық тасымалдарға қатысты да түсініктеме берді. Атап айтқанда, рейс басталғанға дейін өз орналасқан жері бойынша рейс алдындағы медициналық тексеруден өткен жүргізуші жүру бағытындағы әрбір елді мекенде қайтадан медициналық куәландырудан өтуге міндетті емес екені расталды. Рейстен кейінгі медициналық тексеру рейс аяқталғаннан кейін тасымалдаушының негізгі орны бойынша жүзеге асырылады.

Авариялар мен төтенше жағдайларға, соның ішінде түнгі уақытта жедел әрекет ету қажеттілігін алға тартқан коммуналдық кәсіпорындар, энергетикалық және авариялық-қалпына келтіру қызметтерінің өкілдері үлкен алаңдаушылық білдірді. Бизнес тарапынан авариялық бригадалар шұғыл шыққан кезде көлік құжаттарын рәсімдеу және медициналық процедуралардан өту тетіктері туралы сұрақтар қойылды. Бұл мәселелер де уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қосымша пысықтауды талап етеді.

Айта кету керек, ҰКП бұған дейін Көлік министрлігіне, Қаржы министрлігіне, Денсаулық сақтау министрлігіне және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне 2026 жылдың 1 маусымынан бастап КҚББЖ-да көлік құжаттарын міндетті түрде тіркеуді енгізу кезінде бизнес пен логистикалық тізбектер үшін елеулі тәуекелдер тудыруы мүмкін бірқатар шешілмеген техникалық, ұйымдастырушылық, инфрақұрылымдық және құқықтық мәселе бойынша ресми сауал мен бизнестің жүйелі ұсыныстар пакетін жолдаған болатын.

Негізгі бастамалардың қатарында:

Жүйенің толық техникалық және ұйымдастырушылық дайындығына қол жеткізгенге дейін КҚББЖ-ны тәжірибелік пайдалану режимін ұзарту;

Ұзақтығы кемінде 6-12 ай болатын айыппұл санкцияларын қолданбайтын өтпелі кезеңді енгізу;

Бизнесті бейімдеу кезеңінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-1-бабының қолданылуын болдырмау немесе тоқтата тұру мәселесін қарастыру;

КҚББЖ-ны ең көп таралған есепке алу жүйелерімен (1С, ERP, WMS және т.б.) интеграциялау;

Мобильді қосымшаны, офлайн жұмыс режимін және интернет байланысы болмаған кезде құжаттарды рәсімдеудің резервтік тетіктерін енгізу;

Кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқанын және пайдаланушыларды орталықтандырылған оқытуды жүргізу.

Өтінішті қарау қорытындысы бойынша Көлік министрлігі тиісті түсініктемелер берді. Министрліктің ұстанымымен және қойылған сұрақтарға жауаптармен толығырақ мына сілтеме бойынша танысуға болады: Көлік құжаттарын КҚБАЖ-да міндетті тіркеуді енгізу мәселесі бойынша Көлік министрлігінің жауабы (04.06.2026 ж. №21-21-10/2191-И шығыс хаты)

Кеңес қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерге шамадан тыс әкімшілік және қаржылық жүктеме түсірмей, көлік саласын цифрландыру мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін теңгерімді шешімдерді әзірлеу бойынша мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Ұлттық палата кәсіпкерлердің мүддесін қорғау, практикалық шешімдерді әзірлеу және КҚББЖ-ны енгізу тетіктерін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы диалогты қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады.