«Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисі Қарқаралыда жүн өңдеу шеберханасын ашты

05.06.2026
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисі Қарқаралыда жүн өңдеу шеберханасын ашты

Қарқаралы қаласында табиғи жүннен ұлттық бұйымдар өндіретін «Жауһар» шеберханасы ашылды. Жобаны Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалисі Арайлым Қыстаубай жүзеге асырды. Кәсіпкер өз ісін дамытуға арналған 5 миллион теңге көлеміндегі гранттың иегері атанған.

Шеберхананың ашылу салтанатына Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Меруерт Минкенқызы Касимова қатысты.

Изображение

Мамандығы бойынша Арайлым Өскербекқызы – Қарқаралы қаласындағы №44 мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Оның қолөнерге деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан.

— Анам он баланы жалғыз өзі тәрбиелеп өсірді. Біз Темірші ауылында өсіп, шаруашылыққа көмектестік, қой бақтық. Бала күнімізден анамызбен бірге сырмақ пен текемет жасап, ою-өрнек салдық. Ұлттық қолөнерге деген қызығушылығым сол кезден басталды, – дейді Арайлым Өскербекқызы.

Уақыт өте келе қызығушылық сүйікті іске айналды. Арайлым Өскербекқызы дәстүрлі тәсілдерді заманауи бағыттармен ұштастырып, жүннен картиналар жасаумен айналыса бастады.

Изображение

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы туралы ол Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының мамандарынан біліп, өңірлік көрмеге қатысуға шешім қабылдаған.

— Алғашында күмәндандым. Бірақ өз жұмысымды көрсетуге бел будым. Көрмеге көптеген туындыларымды алып бардым. Кейін елуге жуық қатысушының арасынан үздік ондыққа, одан кейін үздік үштікке енгенімді білдім. Финалда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арнап жүннен жасалған портретін ұсындым. Бұл жұмысты жасауға бір аптаға жуық уақыт кетті, – дейді Арайлым Өскербекқызы.

Жобаға қатысқаннан кейін шебер 5 миллион теңге көлемінде грант жеңіп алып, жеке шеберханасын ашты.

Изображение

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Меруерт Минкенқызы Касимованың айтуынша, Арайлым Қыстаубайдың жетістігі жобаның нақты нәтижесін көрсетеді.

— «Бір ауыл – бір өнім» жобасы кәсіпкерлерге жергілікті шикізаттың әлеуетін ашуға, өнімін жетілдіруге және жеке өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді. Арайлым Өскербекқызының тарихы сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдыруға болатынын көрсетеді. Бұл жоба ауыл кәсіпкерлерінің дамуына жаңа серпін береді, – дейді Меруерт Минкенқызы Касимова.

Изображение

«Жауһар» шеберханасында жүннен жасалған картиналар, сырмақтар, текеметтер, сәндік паннолар, сөмкелер және басқа да қолөнер бұйымдарын өндіру жоспарланып отыр. Өнімнің негізін жергілікті шикізат, ұлттық нақыш пен қазақтың дәстүрлі қолөнері құрайды.

Арайлым Өскербекқызы кәсіпкерлікпен қатар ұстаздық қызметін де жалғастыруда.

Изображение

Арайлым Өскербекқызының жетістігі «Бір ауыл – бір өнім» жобасының ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ашып, өңірлік брендтерді дамытуға және дәстүрлі қолөнерді сақтауға ықпал ететінін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.