Алматының жаңа экологиялық талаптары қала бизнесіне қалай әсер етеді?
Бұл мәселе Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кәсіпкерлердің «Eco Almaty» ЖШС бас директоры Марат Сембековпен кездесуінің басты тақырыбы болды.
Алматы үшін ауа сапасы мәселесі әлдеқашан тек экологиялық күн тәртібі шеңберінен шығып кеткен. Бүгінде бұл әрбір қала тұрғынының денсаулығына, жайлылығына және өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды тақырыпқа айналды. Мамандардың мәліметінше, Алматыдағы зиянды заттар шығарындыларының жалпы көлемі жылына 189 мың тоннаны құрайды. Оның 60%-ы автокөлікке, 24%-ы энергетика саласына тиесілі болса, тағы 13%-ын жеке тұрғын үй секторындағы нысандар, моншалар, шағын бизнес пен құрылыс саласы қалыптастырады.
Осыған байланысты кездесу барысында кәсіпкерлерге атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа қағидалары жан-жақты таныстырылды. Құжатта экологиялық мониторингті күшейту, төмен шығарындылар аймақтарын (LEZ) енгізу, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарына қойылатын жаңа талаптар қарастырылған.
Бұл жолы қоғамдық моншалар мәселесіне ерекше назар аударылды. Алматы үшін моншалар тек кәсіпкерлік нысандары ғана емес, сонымен қатар қала мәдениеті мен көптеген тұрғындардың өмір салтының ажырамас бөлігі болып табылады. Сонымен бірге мұндай нысандар мегаполистің ауқымды экологиялық күн тәртібінің де маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр.
«Eco Almaty» мәліметінше, жүргізілген мониторинг аясында ШОБ субъектілерінің 2100-ден астам нысаны зерттелген. Оның ішінде 650 техникалық қызмет көрсету станциясы, 1030 қоғамдық тамақтану орны және 420 монша бар. Нәтижесінде қатты отынды пайдаланатын 760 нысан анықталған. Ал қоғамдық тамақтану орындары, техникалық қызмет көрсету станциялары мен моншалардан шығатын зиянды заттардың жалпы көлемі жылына 2 мың тоннадан асады.
Кездесу барысында қатысушылар экологиялық таза отын түрлеріне көшу, заманауи тазарту жүйелерін орнату және жаңа талаптарды іс жүзінде қолдану мәселелерін талқылауға мүмкіндік алды.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасында мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Жақын уақытта осы форматта қаланың басқа да шағын және орта бизнес салаларының өкілдерімен экологиялық мәселелер мен жаңа талаптарды талқылау жоспарланып отыр.
Өйткені Алматының таза ауасы тек ірі инфрақұрылымдық жобаларға ғана байланысты емес. Бұл – қаланың, бизнестің және мегаполистің бүгін де, болашақта да өмір сүруге қолайлы болып қалуына мүдделі тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесі.