10 маусымда Атырауда үздік тауарлар анықталады

08.06.2026
10 маусымда Атырауда үздік тауарлар анықталады

Биыл жыл сайын өткізілетін республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік кезеңіне Атырау облысынан шамамен 50 тауар өндіруші қатысады.

Байқау «INFINITY EVENT HALL» ғимаратында өтеді. Іс-шараны Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қолдауымен ұйымдастырады.

Қатысушылар қатарында көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі өндірушілер де, жақында ғана өз кәсібін ашқанымен, өнімдері халық арасында сұранысқа ие болған кәсіпкерлер де бар. Дәстүр бойынша жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталады: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Халыққа арналған үздік тауарлар».

«Көрме-байқауда ұсынылатын өнім түрлері алуан түрлі. Олар – азық-түлік өнімдері, тұрмыстық химия тауарлары, тігін бұйымдары, құрылыс материалдары, жанар-жағармай материалдары, кәдесый, жарнамалық өнімдер және тағы басқалар. Қатысушылар арасында жеке кәсіпкерлер де аз емес. Қуантатыны – олардың өнімдері сапасы жағынан ірі компаниялардың тауарларынан еш кем түспейді», – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев.

Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары Атырау облысының атынан республикалық деңгейде бақ сынайды. Ең бастысы, байқау дипломанттары төрт жыл бойы байқаудың эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады, яғни өз өнімдерін нарықта кеңінен таныта алады.

Сондай-ақ дәстүр бойынша «Қазақстанның үздік тауары» байқауының өңірлік кезеңі аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылады. Оған 40-тан астам кәсіпкер қатысады деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының негізгі мақсаты – жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтерді қалыптастыру, маркетингті дамыту және өнімнің нарықтағы құнын көтеру. Жобаға тек жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым тұрғындар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен стартап иелері де қатыса алады.

Айта кету керек, 10 маусым күні өтетін көрмелер барысында облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары өңірдің үздік компанияларының өнімдерімен танысып қана қоймай, жергілікті өндіріс тауарларын сатып алу мүмкіндігіне де ие болады.