Шарт: қол қою оңай, бұзу қиынырақ. Кәсіпкер нені білуі керек?

08.06.2026
Шарт: қол қою оңай, бұзу қиынырақ. Кәсіпкер нені білуі керек?

Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы Шығыс Қазақстан облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьяларымен бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «Сіздің құқығыңыз» жобасының кезекті шығарылымында кәсіпкерлерге маңызды әрі тәжірибелік мәні зор тақырып – шарттарды жасау, өзгерту және бұзу мәселелері түсіндірілді.

«Кез келген бизнес үшін шарт серіктестермен, жеткізушілермен, тапсырыс берушілермен және мемлекеттік органдармен қарым-қатынастың негізі болып табылады. Алайда тәжірибеде көптеген кәсіпкерлер құжатқа қол қою сәтіне ғана басымдық беріп, оны өзгерту мен тоқтатудың тәртібін түсінудің де маңызды екенін ескере бермейді», – деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жанғырханова.

ШҚО Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Асель Смағұлованың айтуынша, шарт жасалған сәттен бастап екі тарап үшін де міндетті түрде орындалуға тиіс. Міндеттемелерден біржақты бас тартуға тек заңнамада немесе шарттың өзінде тікелей көзделген жағдайларда ғана жол беріледі. Сондықтан кәсіпкерлерге құжатқа қол қоймас бұрын оның барлық талаптарын мұқият зерделеу ұсынылады.

Кездесуде шарттарды бұзу мәселелеріне ерекше назар аударылды. «Шарттық қатынастарды тоқтатуға тараптардың өзара келісімі, тараптардың бірінің шарт талаптарын елеулі түрде бұзуы, міндеттемелерді орындаудың мүмкін болмауы, сондай-ақ заңда көзделген өзге де жағдайлар негіз бола алады», – деп атап өтті судья.

Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу шарттарына өзгерістер енгізу жағдайлары да қарастырылды. Заңнамада тараптардың міндеттемелерді орындау мерзімдерін, шарт сомасын немесе оның жекелеген талаптарын өзгерте алатын жағдайлардың шектеулі тізбесі көзделген. Бұл ретте кез келген өзгерістер заң талаптарына сәйкес болуы тиіс және өткізілген сатып алу шарттарын нашарлатуға немесе жеткізушіні таңдау нәтижелеріне әсер етуге жол берілмейді.

Жоба қатысушылары контрагенттер арасында жиі туындайтын даулы жағдайлар бойынша түсіндірмелер алып, өз құқықтарын сот тәртібімен қорғау жөнінде ұсыныстар алды.

«Сіздің құқығыңыз» жобасы кәсіпкерлерді заңнама мен сот тәжірибесінің өзекті мәселелерімен таныстыруды жалғастырып, бизнестің құқықтық тәуекелдерден сақтануына және өз қызметінде неғұрлым салмақты шешімдер қабылдауына көмектесуде.