«Атамекен» ҰКП-да Қазақстандағы өзін-өзі реттеуді одан әрі дамыту мәселесі талқыланды
Кеше «Атамекен» ҰКП Төралқасының Өзін-өзі реттеуді дамыту Комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Аслан Дарбаев қатысты.
Жиында сөз алған «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі - Басқарма Төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин ҰЭМ-нің мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуге беру процедураларын жеңілдету, сондай-ақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының осы үдерістегі рөлін кеңейту жөніндегі бастамасын атап өтті.
Отырыс барысында Қазақстанда өзін-өзі реттеу әлеуеті маңызды болып қала беретіні және одан әрі дамытуды талап ететіні айтылды. Бүгінгі таңда Өзін-өзі реттеуді дамыту Комитеті заңнаманы жетілдірумен және өзін-өзі реттеу тетіктерін әзірлеумен айналысатын 40-қа жуық салалық қауымдастықтар мен ӨРҰ-ны біріктіреді.

«Кәсіби қоғамдастықтың өз қызметін реттеу жауапкершілігінің деңгейі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым мемлекеттің қосымша араласуы мен бақылау тетіктеріне мұқтаждық азаяды», - деді Аслан Қалғазин.
Отырыс барысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелестік ортаға беру және өзін-өзі реттеу тетіктерін дамытуға қатысты реттеу саясаты бойынша консультативтік құжат талқыланды. Ұлттық экономика вице-министрі Аслан Дарбаев бұл мәселелер кәсіпкерлікті дамытудың және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ететін негізгі бағыт екенін мәлімдеді.

«Заң жобасын әзірлеу барысында Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысы атап өткен негізгі мақсатты көздеп отыр. Яғни, бюрократияны түбегейлі қысқарту және ұтымды, тиімді мемлекеттік аппарат құру. Өзгерістер ӘІЖК мен Бюджеттік кодекстен бастап тиісті салалық заңнамаға дейін бірден 20 заңнамалық актіге енгізілуде», - деді Аслан Дарбаев.
Жиында жекелеген мемлекеттік функцияларды, оның ішінде құрылыс және сәулет, қоғамдық тамақтандыру, энергетикалық аудит, оңалту және банкроттық рәсімдері және басқа да бірқатар салалар бойынша өзін-өзі реттеуге ауыстыру бойынша ұсыныстар қаралды.



Сонымен қатар, қатысушылар ҚР Парламенті Мәжілісінде өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша түзетулерді қарау барысын талқылады.
«Атамекен» ҰКП Төралқасы Өзін-өзі реттеуді дамыту Комитетінің төрағасы Асланбек Жақыпов жаңа экономикалық саясат аясында инвесторларға елде «ойын ережелеріне» бизнестің өзі жауап беретін жетілген институттар бар екенін көрсету қажеттігін мәлімдеді.

Өзін-өзі реттеу – бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтудың ең тиімді құралдарының бірі. Ол кәсіби қоғамдастыққа стандарттарды дербес белгілеуге, сапаны бақылауды қамтамасыз етуге және саланың дамуына жауапты болуға мүмкіндік береді.




Жиын соңында қатысушылар жоғарыдағы мәселелерді шешу бойынша жұмыстарды одан әрі бірлесе атқаруға уағдаласты.