Жеңіске бастар жол: Ақтөбе кәсіпорындары "Алтын сапа" мен "Қазақстанның үздік тауары" байқауларына дайындалуда

09.06.2026
Жеңіске бастар жол: Ақтөбе кәсіпорындары "Алтын сапа" мен "Қазақстанның үздік тауары" байқауларына дайындалуда

Ақтөбеде кәсіпкерлерді еліміздің басты сапа байқауларына дайындау жұмыстары қарқын алды. Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығы мен "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауына қатысу тәртібі бойынша оқыту семинары өтті.

Іс-шараға өз өнімдерін республикалық деңгейде танытып, беделін арттыруға ниетті өңірдің 40-тан аса жетекші тауар өндірушісі қатысты.

Семинарды ашқан Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов сапа байқауларына қатысу бүгінде бизнес үшін тек мәртебе ғана емес, кәсіпорын қызметінің тиімділігін бағалаудың маңызды құралына айналғанын атап өтті.

- Кәсіпорын үшін бұл өз қызметіне сырт көзбен қарап, ішкі аудит жүргізуге, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін растауға және тұтынушылардың сеніміне ие болуға мүмкіндік береді. Мұндай байқаулардағы жеңіс - бизнестің кемелденгендігін және компанияға деген жоғары сенімнің көрсеткіші, - деді ол.

 

Палата басшысының айтуынша, ақтөбелік кәсіпорындар жыл сайын республикалық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Ал кәсіпкерлер палатасы қатысушыларға дайындықтың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетуге әзір. 

Изображение

Семинардың негізгі спикері ретінде Астанадан арнайы келген республикалық конкурстарды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директор Мерей Исаева сөз сөйледі. Ол қатысушыларға байқауларға қатысу рәсімі, іріктеу талаптары мен конкурс материалдарын дайындаудың ерекшеліктері туралы жан-жақты ақпарат берді. 

Кездесуде биыл өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтетін "Алтын сапа" байқауына ерекше назар аударылды. Байқау 2006 жылдан бері Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде өткізіліп келеді және отандық бизнестің жетістіктерін бағалаудағы ең беделді алаңдардың бірі саналады. 

Қатысушыларға конкурс есебін әзірлеу тәртібі, бағалаудың 9 критерийі мен 32 субкритерийін ашу жолдары, сондай-ақ үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар егжей-тегжейлі түсіндірілді.

- Байқау бизнестің үш санаты бойынша төрт номинацияда өткізіледі. Сонымен қатар үш арнайы сыйлық табысталады. Өтінімдер 1 шілдеге дейін altynsapa.kz сайты арқылы қабылданады, - деді Мерей Исаева. 

Изображение

Семинардың тәжірибелік бөлігінде сарапшы-аудитор Марина Анисимова сапа менеджменті жүйелері, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі, НАССР қағидаттары, экологиялық менеджмент, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жүйелерін сертификаттау және растау мәселелеріне тоқталды.

Қатысушылар үшін ерекше қызығушылық тудырған бөлімнің бірі - байқау жеңімпазының тәжірибесі болды. Өзінің жетістік жолымен "Зәру" марал шаруашылығының жетекшісі Бану Тлегенова бөлісті. Оның кәсіпорны 2025 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығының лауреаты атанған болатын. 

Кәсіпкер байқауға дайындық кезеңдері, бағалау үдерісінен өту тәжірибесі және жеңістің компанияның әрі қарайғы дамуына әсері туралы айтып берді.

- Осындай байқаулардың арқасында қазақстандық өндірушілерді бүкіл ел танып келеді. Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін марапаттау рәсіміне қатысу - үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Қорықпаңыздар, қатысыңыздар, өздеріңізді танытыңыздар және сапалы өнім өндіруші ретіндегі беделдеріңізді қалыптастырыңыздар, - деді Бану Тлегенова. 

Семинар аясында кәсіпкерлерге "Парыз" республикалық әлеуметтік байқауына қатысу шарттары да түсіндірілді. Бұл жөнінде Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Жеңісұлы ақпарат берді. 

Изображение

Іс-шара сарапшылармен ашық диалог форматында жалғасты. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандар мен байқау ұйымдастырушыларынан нақты тәжірибелік кеңестер алды. 

Жеке кәсіпкер Айнель Амандостың «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатысуға деген үміті зор. Оның айтуынша, бәрі жақындарына арнап тігілген бір ғана орамалдан басталған. 

– Бүгінде бізде өз өндірісіміз бар (қалта және бас орамалдары, қоржындар, киімдер, аксессуарлар), 20 қызметкер жұмыс істейді және Қазақстанның үш қаласында – Алматы, Астана және Атырауда сауда нүктелеріміз бар. Біз этно-стильдегі дизайндарды өзіміз әзірлеп, принттерді басып шығарып, танымал тұлғалар мен ірі банктер таңдайтын бұйымдарды тігеміз. Өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқауының өңірлік кезеңінде жеңімпаз атандық. Бүгін мен осы оқыту семинарында отырмын, өйткені биыл да республикалық байқауға қатысуды жоспарлап отырмыз. Біз үшін бұл жай ғана жарыс емес, бұл – сапаның белгісі, мемлекеттің қолдауының дәлелі және бизнесті кеңейтіп, жаңа ірі компаниялармен ынтымақтастық орнатуға жол ашатын үлкен мүмкіндік, – деді кәсіпкер. 

Семинар қорытындысында Дидар Боранқұлов алынған білім өңір кәсіпорындарына конкурс құжаттарын сапалы дайындауға және Ақтөбе облысының атынан республикалық деңгейде лайықты өнер көрсетуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. 

Кездесу соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. 

Изображение

Айта кетейік, "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік көрме-байқауы Ақтөбеде шілде айының басында өтеді. Ал Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығына қатысуға өтінімдер 1 шілдеге дейін Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасында және Алтын сапа сайтында электронды форматта қабылданады.

ИзображениеИзображениеИзображениеИзображениеИзображение