Телефон нөміріне төлем жасау: кәсіпкерлер қандай тәуекелдерге тап болуы мүмкін?
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп «Бизнес және салықтар» жобасын іске асыруды жалғастыруда. Кезекті тікелей эфир кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар үшін өзекті тақырыптардың бірі – мобильді аударымдарға арналды.
Эфир барысында ШҚО МКД Түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова мен қоғам белсендісі, блогер Елена Березинская-Абилова салық органдарының бақылауына қандай аударымдар түсетінін және кәсіпкерлер үшін заңнама талаптарын сақтаудың маңыздылығын жан-жақты түсіндірді.
Елена Березинскаяның айтуынша, көптеген түсіндіру жұмыстарына қарамастан, бүгінде сатып алушыларға тауар ақысын қарапайым телефон нөміріне аудару арқылы төлеуді ұсынатын шағын дүкендер мен сауда орындарын әлі де кездестіруге болады.
«Көпшілік мұндай төлем тәсілін ыңғайлы әрі қауіпсіз деп санайды. Алайда кәсіпкерлік қызмет міндетті түрде ағымдағы шоттар арқылы жүргізіліп, бақылау-кассалық машина қолданылуы тиіс екенін түсіну қажет. Ал қарапайым мобильді аударымдар тек жеке тұлғалар арасындағы жеке есеп айырысуларға арналған», – деп атап өтті Гүлмира Сабралимова.
Эфир барысында спикерлер биылдан бастап екінші деңгейлі банктер екі талап бір мезгілде орындалған жағдайда жеке тұлғалардың мобильді аударымдары туралы ақпаратты салық органдарына беретінін еске салды. Бірінші талап – қатарынан үш ай ішінде адам 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан аударым алуы тиіс. Екінші талап – мұндай түсімдердің жалпы сомасы 1 миллион 20 мың теңгеден асуы қажет.
Егер осы екі шарт қатар орындалса, жеке тұлғаға салық органынан хабарлама жіберіледі. Гүлмира Сабралимованың түсіндіруінше, мұндай хабарламаға жауап беру талап етілмейді. Дегенмен бұл өз қызметін заңнама талаптарына сәйкестендіру қажеттігін білдіретін белгі болып табылады.
«Егер түскен қаражат қызмет көрсетуге, тауар сатуға немесе табыс әкелетін басқа да қызмет түрлеріне байланысты болса, кәсіпкер ретінде тіркеліп, қолайлы салық режимін таңдау қажет. Бұл алдағы уақытта бақылаушы органдар тарапынан туындауы мүмкін сұрақтардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деді Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі.
Оындай жағдай қайта анықталған жағдайда салық органы енді хабарлама емес, ресми ескерту жолдайды. Бұл құжатқа міндетті түрде түсініктеме мен растайтын құжаттар ұсынылуы тиіс.
Эфир барысында жеке кәсіпкерлерге ерекше назар аударылды. Егер кәсіпкер тауарлар немесе көрсетілген қызметтер үшін төлемді жеке тұлға ретінде өзінің жеке шотына қабылдап, сонымен бірге мониторингтің белгіленген критерийлеріне сәйкес келсе, салық органдары қосымша түсініктемелер сұратуға құқылы. Кейбір жағдайларда ұсынылған мәліметтерді талдау нәтижесінде бақылау шаралары басталуы мүмкін.
Эфирге қатысушылар мемлекет салық заңнамасын жүйелі түрде жетілдіріп, бизнесті жүргізу үдерісін барынша ашық әрі ыңғайлы етіп отырғанын атап өтті. Жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін көптеген салық режимдері жеңілдетіліп, қолжетімді бола түсті, ал адал кәсіпкерлер үшін әкімшілік жүктеме азайды.
Кездесудің негізгі қорытындысы айқын болды: бүгінде табысты жасыруға тырысқаннан гөрі, ашық әрі заңды жұмыс істеу әлдеқайда тиімді. Заңды қызмет кәсіпкерлерге тәуекелдерден сақтанып, бизнесті сенімді дамытуға, жаңа клиенттер тартуға және өз ісін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Мобильді аударымдар тақырыбы бойынша мамандардың толық түсіндірмелерімен танысып, ең өзекті сұрақтарға жауап алу үшін тікелей эфирдің жазбасын мына сілтеме арқылы көре аласыз: https://www.facebook.com/share/v/1FWiv2WXwD/