Кәсіпкерлердің қылмыстық процестегі құқықтарын қорғау мәселелері: Астанада бизнес қауымдастығы прокуратура өкілдерімен кездесті

10.06.2026
Кәсіпкерлердің қылмыстық процестегі құқықтарын қорғау мәселелері: Астанада бизнес қауымдастығы прокуратура өкілдерімен кездесті

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында елорда прокуратурасының өкілдері мен кәсіпкерлердің кездесуі өтті. Жиын барысында қылмыстық процесте кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және бизнес өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланды.

Іс-шара Палатаның бизнес-қоғамдастықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмысы аясында ұйымдастырылды. Палата алаңында кәсіпкерлерді заңнамадағы өзгерістермен таныстыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кездесулер мен түсіндіру іс-шаралары тұрақты өткізіліп келеді.

Кездесу барысында Астана қаласы прокурорының көмекшісі Аслан Мади мен Астана қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының аға прокуроры Өтеген Төлеу кәсіпкерлерге уәкілетті органдардың тексеру әрекеттері мен олардың нәтижелеріне шағымдану тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ олар бизнесті қылмыстық процеске негізсіз тартуға жол бермеу мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Изображение

Прокуратура өкілдері кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Сондай-ақ кәсіпкерлерге сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау тетіктерін жетілдіруге және азаматтық-құқықтық даулар болған жағдайда қылмыстық істердің қозғалуына жол бермеуге бағытталған заңнамадағы өзгерістер туралы ақпарат берілді.

Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері қылмыстық қудалау органдары кәсіпкерлік қызметке қатысты 18 қылмыстық істі тіркеген. Оның ішінде 7 іс алаяқтық фактілері бойынша, 6 іс салық төлеуден жалтару деректері бойынша, 2 іс заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты қозғалған. Сондай-ақ жалған фактура шотын жазып беру, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру және қасақана банкроттық фактілері бойынша қылмыстық іс тіркелген.

Сонымен қатар қадағалау органының өкілдері кәсіпкерлік субъектілері тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтар санының артқанына назар аударды. Ең жиі кездесетін заңбұзушылықтардың бірі - міндетті лицензиясыз қызметті жүзеге асыру.

Осылайша, биылғы жылдың басынан бері лицензиясыз ломбард қызметін жүзеге асырған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басшыларына қатысты екі рет сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Сонымен қатар, жекеменшік орта мектептің тиісті рұқсат құжатсыз білім беру қызметін жүзеге асырғаны анықталды.

Изображение

 

Изображение

Қорытындылай келе, прокуратура өкілдері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін және қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген сенім деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі екенін атап өтті.