Атырауда жергілікті өндірістің үздік тауарлары анықталды
«INFINITY EVENT HALL» ғимаратында «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесінің облыстық кезеңі және «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы жергілікті тауар өндірушілер көрмесі өтті. Іс-шараға өңірдің 100-ге жуық тауар өндірушісі қатысты.
Шараны Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.
Қатысушылар қатарында көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындармен қатар, жуырда ғана өз кәсібін бастаған, бірақ өнімдері халық арасында сұранысқа ие болған кәсіпкерлер де болды. Олар құрылыс материалдары, азық-түлік өнімдері, жеңіл өнеркәсіп тауарлары және өзге де түрлі өнім түрлерін ұсынды.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев қатысып, жергілікті өндірушілердің өнімдерімен танысты. Ол ұсынылған тауарлардың ассортименті мен сапасына жоғары баға берді.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаевтың айтуынша, көрмелерге қатысу үшін облыс бойынша 100-ден астам кәсіпкер өтінім берген.
– Қатысушылар саны жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. Сонымен қатар, шағын бизнес өнімдерінің сапасы ірі компаниялардың тауарларынан кем түспейді. Кәсіпкерлер үшін өнімді өткізу және қосымша қаржыландыру тарту мәселелері әрдайым өзекті болып қала береді. Бұл іс-шара бизнестің өз өнімін таныстырып, оны тегін жарнамалауына тамаша мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Сүйінбаев.
«Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесінің облыстық кезеңінің жеңімпаздары үш номинация бойынша анықталды: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Халыққа арналған үздік тауарлар». Комиссия мүшелеріне таңдау жасау оңай болған жоқ, өйткені қатысушылар ұсынған өнімдердің сапасы өте жоғары деңгейде болды.
Нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясында «Интаго Қазақстан» ЖШС, «Newtech systems group» ЖШС және «Атырау пром вентиляция» ЖШС жеңімпаз атанды.
«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында ЖК «Қалиев Арманбек», ЖК «Coolman» және ЖК «Мұқанова М.С.» жеңіске жетті.
Ал «Үздік азық-түлік тауары» номинациясында ЖК «Аташева», ЖК «Темірлан» және ЖК «Асыл-ана» үздік деп танылды.
Барлық 9 жеңімпаз республикалық конкурсқа қатысады. Оның қорытындылары жыл соңына дейін республика астанасында жарияланады.
Сонымен қатар, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша өткен көрме қатысушылары арасынан 20 тауар өндіруші іріктелді. Келесі кезеңде бренд-комитет олардың ішінен 10 өндірушіні таңдап алады. Олар мемлекеттік гранттарға өтінім беру мүмкіндігіне ие болады.
Көрмеге қатысқан барлық тауар өндірушілерге алғыс хаттар табысталып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар берілді.
Бұдан бөлек, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы бизнес субъектілерін арнайы алты номинация бойынша марапаттады. Олар: «Жергілікті қамтуды дамытуға қосқан үлесі үшін»; «Жоғары сапа стандарттарын қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін»; «Отандық өндірісті дамытуға қосқан үлесі үшін»; «Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қосқан үлесі үшін»; «Дәстүрлер мен қолданбалы өнерді сақтауға қосқан үлесі үшін»; «Ұлттық брендті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін».
Айта кету керек, көрме аясында қала тұрғындары мен қонақтары жергілікті өндірушілердің өнімдерімен танысып қана қоймай, оларды сатып алу мүмкіндігіне де ие болды.