Заңгер кеңесі: заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру туралы кәсіпкер нені білуі керек?
«Заңгер кеңесі» жобасы аясында кәсіпкерлерге заңды тұлғаларды қайта ұйымдастырудың ерекшеліктері түсіндірілді. Бұл – компания құрылымын өзгерту, ұйымдарды біріктіру немесе ұйымдық-құқықтық нысанын ауыстыру кезінде бизнес жиі кездесетін рәсімдердің бірі.
Тақырыпты Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Алыстан Маратов жан-жақты түсіндірді.
Оның айтуынша, қайта ұйымдастыру мәселелері Палатаға кеңес алуға жүгінетін кәсіпорын басшылары мен меншік иелері арасында ең өзекті тақырыптардың бірі болып қала береді.
«Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру – бұл компания қызметінің өзгеруі немесе тоқтатылуы нәтижесінде оның құқықтары мен міндеттерінің басқа заңды тұлғаға немесе жаңадан құрылған бірнеше ұйымға берілу процесі. Қазақстан Республикасының заңнамасында қайта ұйымдастырудың бес нысаны көзделген: қосылу, бірігу, бөліну, бөлініп шығу және қайта құру», – деп атап өтті Алыстан Маратов.
Сарапшының айтуынша, қайта ұйымдастырудың әрбір түрінің өзіндік ерекшеліктері бар және заңнамада белгіленген тәртіпті сақтауды талап етеді. Атап айтқанда, кәсіпкерлер тиісті құжаттар пакетін дайындап, мемлекеттік қайта тіркеу рәсімінен өтуі қажет. Ал кейбір жағдайларда бизнес-сәйкестендіру нөмірін есептен шығаруға байланысты рәсімдер жүргізіледі.
Сондай-ақ кәсіпкерлерге қайта ұйымдастырудың ерікті түрде де, заңнамада көзделген жағдайларда сот шешімі негізінде мәжбүрлі түрде де жүзеге асырылуы мүмкін екені еске салынды.
Кездесу барысында рәсімнің аяқталу сәтіне ерекше назар аударылды. Жалпы ереже бойынша жаңадан құрылған заңды тұлғалар мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап заңды тұлға қайта ұйымдастырылған болып есептеледі. Ал қосылу нысанындағы қайта ұйымдастыру кезінде рәсім қосылған заңды тұлғаның қызметінің тоқтатылғаны туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген сәттен бастап аяқталған болып саналады.