AMM 2026: «Атамекен» ҰКП ТМК саласын дамытуға қатысты басым бағыттарды ұсынды
Астанада мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастық, халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың басын қосқан XVI халықаралық Astana Mining & Metallurgy – AMM 2026 тау-кен металлургия конгресі өз жұмысын бастады.
Пленарлық отырысты ашқан ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 6,5%-ға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі алғаш рет 300 млрд АҚШ долларынан асқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл нәтиже Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың технологияларға, инвестицияларға, өнеркәсіптік әлеует пен адами капиталды дамытуға негізделген заманауи экономиканы қалыптастыру жөніндегі саясатының нақты көрінісі болып табылады.

Қазақстанның жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық әлеуеті
Конгрестің алғашқы күніндегі басты шара «Жер қойнауынан зияткерлік биіктерге: ТМК болашағы үшін жаһандық серіктестік» атты пленарлық сессия болды. Ашық пікірталас форматында өткен жиынға «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев қатысты.
Өз сөзінде ол Қазақстанның пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы жобаларды іске асыру үшін ең тартымды инвестициялық бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған елдің бай минералдық-шикізат базасы, заманауи заңнамасы, жер қойнауын пайдалану саласында жүргізіліп жатқан жүйелі реформалар және жоғары білікті кадрлық әлеуеті негіз болып отыр. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі халықаралық жобаларда жұмыс істейтін мамандардың 90%-дан астамын қазақстандық кадрлар құрайды. Сонымен қатар 2022–2025 жылдар аралығында тау-кен ісі мен геология мамандықтары бойынша түлектер саны 2,5 есеге өсіп, 2025 жылы 3 мыңнан асты.

Қазақстан өнеркәсіптік әріптестікті күшейтуде
Қанат Шарлапаев Қазақстанды тек шикізат жеткізуші емес, ұзақ мерзімді әрі сенімді өнеркәсіптік серіктес ретінде қарастыру қажет екеніне тоқталды.
Оның айтуынша, мемлекет тау-кен металлургия кешенінде жоғары деңгейде өңделген өнім өндіруді дамыту үшін қолайлы жағдай жасап келеді. Атап айтқанда, жаңа Салық кодексінде қатты пайдалы қазбаларды өңдеу жобаларын іске асыруға арналған бірқатар ынталандыру шаралары көзделген. Олардың қатарында салықтық жеңілдіктер мен инвестициялық жобаларда қолданылатын технологиялық жабдықтарды, қосалқы бөлшектер мен компоненттерді импорттау кезінде ҚҚС-тан босату тетіктері бар.
ҰКП Төралқа Төрағасы реттеуші ортаның тұрақтылығы мен болжамдылығының маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвесторларға ұзақ мерзімді әрі түсінікті жұмыс шарттары қажет. Қазақстан жер қойнауын пайдалану саласында ауқымды реформалар жүргізіп, геологиялық барлауға елеулі инвестициялар тартты. Сондықтан жүргізіліп жатқан саясаттың сабақтастығын сақтап, реттеудің болжамдылығын қамтамасыз ету маңызды», – деді Қ. Шарлапаев.
Оның пікірінше, халықаралық тәжірибенің заңнамаға енгізілуі, салықтық ынталандыру шаралары және Үкіметтің қолдауы Қазақстанды ірі бірлескен жобаларды іске асыруға толық дайын елге айналдырып отыр.

Геологиялық барлау – стратегиялық басымдық
Бұдан бөлек, конгресс қатысушылары жаңа кен орындарын ашу мен минералдық-шикізат базасын кеңейтудің негізгі факторы саналатын геологиялық барлау саласының келешегін талқылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қазақстанда жер қойнауын кешенді геологиялық зерттеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ел аумағын егжей-тегжейлі геологиялық карталау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде зерттелген аумақ көлемі 2 млн шаршы шақырымнан асады.
2026–2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 470 млн АҚШ долларын бағыттау жоспарланған.

ТМК саласындағы цифрландыру және жасанды интеллект
AMM 2026 күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі тау-кен металлургия кешенін цифрлық трансформациялау болды.
Бүгінде Қазақстанда 22 мемлекеттік қызмет көрсететін Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы жұмыс істейді. Лицензия беру және жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін бақылау процестері автоматтандырылған. Сонымен қатар 4,6 млн-нан астам бастапқы геологиялық ақпарат цифрлық форматқа көшірілді.
Келесі кезеңде деректерді талдау, жаңа кен орындарын іздеу үдерісін жеделдету және минералдық-шикізат базасын игеру тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланып отыр.
Қазақстанның тау-кен металлургия саласына халықаралық қызығушылық артып келеді
Конгресс аясында әлемнің 15 елінен келген 69 компания қатысқан ірі салалық көрме ұйымдастырылды. Оның ішінде 40 компания Қазақстан атынан қатысса, 29-ы шетелдік компания болды.

AMM 2026 конгресіне қатысушылардың кең географиясы мен халықаралық өкілдіктің жоғары деңгейі шетелдік инвесторлар мен технологиялық серіктестердің Қазақстанның тау-кен металлургия саласына деген қызығушылығының артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Бұл өз кезегінде саланың ұлттық экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ететін маңызды драйверлердің біріне айналып отырғанын айғақтайды.
AMM 2026 тау-кен металлургия кешенін дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылауға және халықаралық әріптестікті нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды. Форум барысында көтерілген геологиялық барлау, цифрландыру, жасанды интеллект пен шикізатты терең өңдеу бағытындағы бастамалар Қазақстанның жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге негізделген бәсекеге қабілетті өнеркәсіпті дамыту жөніндегі стратегиялық бағытын тағы бір мәрте айқындады.


