Бизнеске арналған салықтық ынталандырулар: Жобалық кеңсе Ұлттық палатаның отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі ұсынысын мақұлдады

12.06.2026
Бизнеске арналған салықтық ынталандырулар: Жобалық кеңсе Ұлттық палатаның отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі ұсынысын мақұлдады

Жаңа Салық кодексін енгізу бойынша Жобалық кеңсе «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған бастаманы мақұлдады. Бұл ұсыныс отандық кәсіпкерлерге тауарларды таңбалау кезінде сәйкестендіру құралдарын енгізуге және сканерлеуге арналған жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындарды корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша шегерімге нақты шығын сомасының 150%-ы мөлшерінде жатқызуға мүмкіндік береді.

Тиісті шешім ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен Жобалық кеңсе отырысында қабылданды. Мақұлданған тетік кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетуге және өнімді таңбалау мен қадағалау жүйесін енгізу барысында отандық тауар өндірушілердің қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған.

Сәйкестендіру құралдарымен міндетті таңбалауды енгізу бизнес тарапынан елеулі қаржылай салымдарды талап етеді. Өндірістік желілерді жаңғырту, арнайы құрылғыларды сатып алу, IT-жүйелерін біріктіру және қызметкерлерді оқыту шығындары өндіріс қарқыны жоғары әрі бәсекелестігі күшті салаларға айтарлықтай әсер етеді. Бұл, алдымен, сүт өнімдерін, сыра өнімдерін, май-тоңмай өнімдерін, алкогольсіз сусындар мен бөтелкедегі суды өндірушілерге қатысты.

Қандай жабдықтар салықтық ынталандыруға жатады

Жаңа норма аясында таңбалаудың толық циклін қамтамасыз етуге қажетті арнайы жабдықтар қамтылады. Олардың қатарына сәйкестендіру құралдарын (таңбалау кодтарын) тауарға немесе оның қаптамасына тікелей түсіруге арналған техникалық құрылғылар, сондай-ақ өндірістің барлық кезеңінде өнімді бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ететін сканерлеу және оқу жабдықтары кіреді.

Бұл шара кәсіпорындардың салық салынатын базасын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Жабдық сатып алуға жұмсалған нақты шығындардың бір жарым есе көлемін шегерімге жатқызу мүмкіндігі төленетін КТС сомасын азайтуға тікелей әсер етеді.

Ұсынылған тетік өнімнің өзіндік құнының өсімін өтеуге, кәсіпорындардың операциялық табыстылығын қолдауға және жаңа цифрлық стандарттарға көшу кезіндегі қаржылық жүктемені жеңілдетуге бағытталған. Нәтижесінде бұл өндірістік қуаттарды жаңғыртуға қосымша ынталандыруға мүмкіндік береді.

Мақұлданған нормаларды заңнамалық тұрғыдан бекіту және хаттамалық тапсырмалардың орындалуын бақылау Ұлттық экономика министрлігіне жүктелді.

Сонымен қатар, аталған нормалар заң шығару процесі аясында ҚР Парламенті мен Мәжілісінде қаралып, талқылануға жатады. Осыған байланысты олардың түпкілікті қабылдануы мен мазмұны қазіргі кезеңде түпкілікті айқындалған жоқ.