Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық конференциясына қатысты
Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің Алтай қаласында «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңіраралық ынтымақтастық конференциясы өтті. Халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараға Қазақстан, Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан елдерінің мемлекеттік органдарының өкілдері, бизнес қауымдастықтар, инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.
Конференция жұмысына Абай облысының Кәсіпкерлер палатасының басшылығы өңірлік делегация құрамында қатысып, өңіраралық және халықаралық іскерлік байланыстарды дамыту бағытындағы кездесулерге атсалысты.
Конференцияның ашылуында қатысушылар өңірлер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және халықаралық әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы Чэнь Сяоцзян өз сөзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтіп, шекаралас өңірлер арасындағы байланыстарды одан әрі жандандыруға дайын екендігін жеткізді.

Конференция барысында Абай облысының инвестициялық әлеуеті кеңінен таныстырылды. Облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков өңірдің қолайлы географиялық орналасуына, көлік-логистикалық мүмкіндіктеріне және шекаралық ынтымақтастықты дамытудағы артықшылықтарына тоқталды. Оның айтуынша, Абай облысы Ресей мен Қытай нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін маңызды транзиттік бағыттардың торабында орналасқан.
Өңірдің инвестициялық тартымдылығы да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда облыстың инвестициялық пулында жалпы құны 8,6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 112 жоба бар. Биылдың өзінде құны 257 миллион АҚШ долларынан асатын 41 жобаны іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар қытайлық серіктестердің қатысуымен мыс балқыту зауыты, «Аягөз – Бақты» теміржол желісі, жел электр станциясы, сауда-логистикалық кешен және «Бақты» индустриялық аймағы сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Конференция аясында өткен жылы қол жеткізілген келісімдердің нәтижелері де сараланды. Былтырғы «Үлкен Алтай» конференциясы барысында жалпы құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылған болатын. Бүгінде сол келісімдер аясында жалпы құны 1,1 миллиард АҚШ долларынан асатын алты ірі инвестициялық жобаны іске асыру басталды. Олардың қатарында чиптер мен электрондық құрылғылар өндіретін индустриялық парк, сауда-логистикалық кешен, ағаш өңдеу өндірісі, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен агроөнеркәсіп саласындағы жобалар бар.

Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі шетелдік инвесторлардың қатысуымен өткен B2B форматындағы кездесулер болды. Оған 20-ға жуық компания өкілдері қатысып, сауда, құрылыс, медицина, өндіріс, энергетика, қалалық инфрақұрылым, спорт нысандары мен балалар алаңдарын салу, құрылыс материалдары мен жоғары технологиялық өнімдер өндірісі бағыттарындағы жобаларын таныстырды.
Келіссөздер нәтижесінде Абай облысының мемлекеттік органдары, ұйымдары және қытайлық серіктестер арасында жеті ынтымақтастық құжатына қол қойылды. Оның алтауы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға арналған меморандумдар болса, бір құжат білім беру саласындағы әріптестікті дамытуға бағытталған. Жалпы инвестиция көлемі 76,3 миллиард теңгені немесе 146,8 миллион АҚШ долларын құрайды.
Қол қойылған құжаттар аясында өңірде гидроэлектр станциясын және алюминий зауытын салу, цементтен жасалған құрылыс бұйымдарын өндіру, электр сымдары мен кабель өнімдерін шығару, Семей қаласындағы Smart City шағын ауданының инфрақұрылымын дамыту, спорт және балалар ойын алаңдарын орнату, Үржар ауданында заманауи жылыжай кешенін салу, энергия үнемдейтін электр жылыту жүйелерін енгізу және жаңа энергетика жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.


Сондай-ақ конференция барысында Абай облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Сүйчинов халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған құжатқа қол қойды. Аталған келісім кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және екіжақты іскерлік қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді.
«Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңіраралық ынтымақтастық конференциясы өңірлер арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға, инвестиция тартуға және жаңа серіктестік жобаларды іске асыруға арналған маңызды халықаралық алаң ретінде өз маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы үшін де бұл іс-шара жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, өңір кәсіпкерлерінің мүддесін халықаралық деңгейде ілгерілетуге және болашақ ынтымақтастық бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.