«Қазақстанның үздік тауары – 2026»: Шығыс Қазақстан өңірлік өндірушілердің жетістіктерін таныстырды
Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының жетекші өндірушілерін біріктірген «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауы өтті. Ауқымды шара жергілікті бизнестің жетістіктерін көрсетуге, тәжірибе алмасуға және отандық өнімдерді жаңа нарықтарға ілгерілетуге арналған маңызды алаңға айналды.
Байқаудың басты мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерді жан-жақты қолдау, шығарылатын өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, отандық брендтерді дамыту, сондай-ақ өңірдің кәсіпкерлік және өндірістік әлеуетін одан әрі нығайту.
Көрмеде экономиканың түрлі салаларындағы ондаған кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды. Келушілер азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс саласы, машина жасау, жиһаз өндірісі, халық тұтынатын тауарлар мен қолөнер бұйымдарымен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, кәсіпкерлердің өңір экономикасын дамытудағы елеулі үлесін атап өтті.
«Жыл сайын шығарылатын өнім түрлері көбейіп, олардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. Біздің кәсіпорындар заманауи технологияларды батыл енгізіп, жаңа нарықтарды игеруде және өңірдің абыройын елімізде ғана емес, шетелдерде де лайықты танытып жүр», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ ол облыс кәсіпорындарының республикалық деңгейде дәстүрлі түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
«Биыл да “Қазақстанның үздік тауары – 2026” байқауының жеңімпаздары Астана қаласында өтетін республикалық көрмеде Шығыс Қазақстан облысының атынан “Қазақстанда жасалған” бірыңғай ұлттық брендімен лайықты өнер көрсететініне сенімдімін», – деп атап өтті өңір басшысы.
Айта кетейік, 2025 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан марапаттау рәсімінде өңірдің жеті кәсіпорны «Алтын сапа», «Парыз», «Ұлы дала елі» және «Адал азамат» республикалық байқаулары аясында жоғары марапаттарға ие болды.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев байқаудың отандық өндірушілерді қолдау мен өңірлік брендтердің танымалдылығын арттырудағы тиімді құралға айналғанын атап өтті.
«Шығыс Қазақстан кәсіпорындары нарықтағы тұрақты ұстанымдарын сақтап қана қоймай, белсенді түрде дамып келеді. Олар жаңа технологияларды енгізіп, өнім түрлерін кеңейтіп, сапа стандарттарын жетілдіруде. “Қазақстанның үздік тауары” байқауы өндірушілерге өздерін бүкіл елге таныстыруға, жаңа серіктестер мен сатып алушылар табуға, сондай-ақ өз жұмысына объективті баға алуға мүмкіндік береді. Көптеген қатысушылар үшін бұл – жаңа нарықтарға шығуға және одан әрі дамуға жасалған маңызды қадам», – деді Қайрат Мамырбаев.
Кәсіпкерлер де байқаудың өндірістік секторды дамытудағы маңыздылығын атап өтті. Олардың айтуынша, көрмеге қатысу тек өз өнімдерін таныстыруға ғана емес, әріптестердің тәжірибесін зерделеуге, іскерлік байланыстар орнатуға және өндірісті жетілдіруге қосымша серпін алуға мүмкіндік береді.
«Біз мұндай көрмелерге жыл сайын қатысамыз және әр жолы өнімімізді кең аудиторияға таныстырудың қаншалықты маңызды екеніне көз жеткіземіз. Бұл – өз кәсіпорның туралы айтуға, тұтынушылардың пікірін алуға және қазақстандық өнімнің сапасын лайықты деңгейде көрсетуге мүмкіндік», – деді байқау қатысушыларының бірі.
Тағы бір кәсіпкердің айтуынша, мұндай іс-шаралардың ауылдық жерлердегі өндірушілер үшін маңызы ерекше.
«Шағын кәсіпорындар үшін мұндай байқаулар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз әлеуетті серіктестермен танысып, өткізу нарығын кеңейтеміз және өніміміздің сұранысқа ие әрі бәсекеге қабілетті екеніне көз жеткіземіз», – деді көрме қатысушысы.
Өңірлік кезеңнің қорытындысы бойынша облыстың үздік кәсіпорындары анықталып, олар Шығыс Қазақстан облысының атынан Астанада өтетін республикалық байқауға қатысатын болады. Сол жерде олар еліміздің үздік өндірушісі атағы үшін бақ сынап, өңір жетістіктерін «Қазақстанда жасалған» ұлттық бренді аясында таныстырады.
Жеңімпаздар
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»
«Izoterm» өндірістік-сауда компаниясы» ЖШС – минералды мақтадан жасалған жылуоқшаулағыш материалдар өндірісі
«Силумин Восток» ЖШС
«MSK Group KZ» ЖШС – майлау материалдарын өндіру
«Халыққа арналған үздік тауарлар»
«Рауан» өндірістік-коммерциялық кәсіпорны» ЖШС – тігін бұйымдарын өндіру
Шаяхметов ЖК – спорттық киім өндірісі
Кожура ЖК – былғары бұйымдарын өндіру
«Үздік азық-түлік тауарлары»
«Шығыс универсал» ЖШС – балық өңдеу
«Молочный экспресс» ЖШС – сүт өнімдерін өндіру
«Айтас МП» ЖШС – шұжық өнімдерін өндіру